Спортшылар мен жаттықтырушыларға өмір бойына берілетін төлем мөлшері бекітілді

0
542

Бұйрық ресми жарияланғаннан 10 күн өтіп барып, 15 шілдеде күшіне енеді.


Спортшылар мен жаттықтырушыларға өмір бойына берілетін төлем мөлшері бекітілді

ERNUR.KZ. Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов «Спортшылар мен жаттықтырушыларға өмір бойы ай сайынғы материалдық қамсыздандыруды төлеу қағидаларын бекіту, олардың мөлшерін белгілеу туралы» бұйрыққа қол қойды, деп жазады ҚазАқпарат.

Құжатта жазылғандай, өмір бойы ай сайынғы материалдық қамсыздандыру дене шынықтыру және спорт саласында кемінде 20 жыл еңбек өтілі бар мына спортшылар мен жаттықтырушыларға тағайындалады:

- Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлері немесе спорттың олимпиадалық түрлері бойынша әлем чемпиондары атақтарын жеңіп алған спортшыларға;

- Осы спортшыларды дайындаған жаттықтырушыларға.

«Бір спортшыны дайындағаны үшін материалдық қамсыздандыру бір жаттықтырушыға төленеді. Спортшы белгіленген талаптарды қайталап орындаған жағдайда материалдық қамсыздандыру басқа жаттықтырушыға да төленеді. Материалдық қамсыздандыру дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті органның бюджеттік бағдарламалары арқылы республикалық бюджет қаражаты есебінен төленеді», - делінген құжатта.

Аталған ереже талабына сай келетін спортшылар мен жаттықтырушылар өмір бойына алатын төлем келесідей:

- Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлері немесе олимпиадалық спорт түрлері бойынша әлем чемпиондары атақтарын жеңіп алған спортшыларға – 100 айлық есептік көрсеткіш (345 000 теңге);

- Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлері немесе олимпиадалық спорт түрлері бойынша әлем чемпиондары атақтарын жеңіп алған спортшыларды дайындаған жаттықтырушыларға – 100 айлық есептік көрсеткіш (345 000 теңге).

Бұйрық ресми жарияланғаннан 10 күн өтіп барып, 15 шілдеде күшіне енеді.