Су алудың рұқсат етілген лимиті қайта қаралады – жаңа кодекстің басты талаптары жарияланды

0
345

Кодекстің жобасы мәжілістің қарауына енгізілді.


Су алудың рұқсат етілген лимиті қайта қаралады – жаңа кодекстің басты талаптары жарияланды

ERNUR.KZ. Су ресурстары және ирригация министрлігі жаңа Су кодексіне енгізілген негізгі өзгерістерді жариялады, деп жазады sputnik.kz.

Кодекстің жобасы мәжілістің қарауына енгізілді. Осы құжатта суды үнемдеу шараларына ерекше басымдық беріліп отыр. Мәселен, суды қайта пайдалану жүйесі жоқ ұйымдар жаңа кодекс қолданысқа енгізілген күннен бастап екі жылдан кешіктірмей мұндай жүйелерге көшу жоспарын ұсынуы тиіс. Бұдан бөлек, басқа да талаптар мен жеңілдіктер бар. Олар:
  • су үнемдеу технологияларын енгізу деңгейіне қарай төмендетілген тариф пен субсидия түрінде мемлекеттік қолдау;
  • ауыз судың сапасын жақсартуға қойылатын талаптарды енгізу;
  • орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйелерінн техникалық аудит тәртібін анықтау;
  • су объектілерін қорғауға қойылатын талаптарды күшейту;
  • өзен, көл және теңіз экожүйесін сақтау үшін қажетті өзен ағындарын ескере отырып, су алудың рұқсат етілген көлемі туралы нормаларды қайта есептеу;
  • Каспий теңізінде көмірсутектерді барлау немесе өндіру, сондай-ақ, тұз және емдік балшық өндіруден басқа жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізуге тыйым салу;
  • су қорғау аймақтарында жаңа құрылыстарды салу және орналастыру мәселесін бассейндік су инспекцияларымен келісу;
  • өсімдіктерді суарудың үнемді әдістерін енгізу және құрғақшылыққа төзімді дақылдарды отырғызу;
  • су ресурстарын қорғау және пайдалану саласындағы қоғамдық бақылауға басымдық беру;
  • гидротехникалық құрылыстардың техникалық қауіпсіздік регламентін әзірлеу;
су ресурстарын қорғау және пайдалану саласындағы ғылыми-зерттеу және ғылыми-техникалық жұмыстарды мемлекеттік қолдау.
Бұдан бөлек, су саласындағы бұзушылықтар үшін жауапкершілік күшейтіледі. Ал министрліктің бассейндік инспекцияларына мемлекеттік бақылау функцияларымен қатар қадағалау функциялары да беріледі. Ал үкімет жанындағы су кеңесінің осы саладағы мемлекеттік саясат, трансшекаралық су объектілері мен құрылыстарын бірлесіп пайдалану бойынша көрші елдермен өзара іс-қимыл, ірі инвестициялық жобалар бойынша ұсынымдар мен ұсыныстарды әзірлейді. Министрлік өз жұмысында су кеңесінің ұсынымдарын ескереді.