Кейінгі жылдары оңтүістік өңірлерде су тапшылығы қатты байқалады. Соған байланысты биыл Алматы, Түркістан және Қызылорда облысында күріш алқаптары біршама қысқарды.
ERNUR.KZ. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев Үкімет отырысында айтты, деп жазады inbusiness.kz.
Алматы облысы бойынша (суармалы жерлердің ауданы 478,9 мың га құрайды) су ресурстарының тапшылығын қысқарту мақсатында облыс әкімдігі ылғал сыйымды дақылдардың, оның ішінде Балқаш ауданында күріштің егістігін 1 мың гектарға азайтты.
Түркістан облысы бойынша (суармалы жер көлемі 420,2 мың га құрайды) биыл күріш алқабы 600 гектарға дейін қысқартылды.
Қызылорда облысында (суармалы жерлердің ауданы 199,9 мың га құрайды) күріш алқабы 78,3 мың гектарға дейін төмендеді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,0 мың гектарға аз. Сондай-ақ, Үкімет резервінен ұңғымаларды жөндеу мен бұрғылауға, сондай-ақ сорғы қондырғыларын сатып алуға 3,6 млрд. теңге сомасында қаражат бөлінді.
"Оңтүстік өңірлерде каналдарды тазалау, су үнемдеу технологиялары қолдану, су айналымы және суару кезектілігін ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде", - деп сендіреді министр.