Су тасқыны: Зардап шеккендерге «Қазақстан халқына» қоры есебінен үй салына бастады

0
370

Қостанай облысы Амангелді ауданының Амангелді, Амантоғай, Ағаштыкөл, Байғабыл, Есір және Қарасу ауылдарының халқы үшін тұрғын үйлердің құрылысы басталды.


Су тасқыны: Зардап шеккендерге «Қазақстан халқына» қоры есебінен үй салына бастады

ERNUR.KZ. Қостанай облысында зардап шеккен аудан тұрғындарына мемлекеттік органдар тарапынан да, бизнес өкілдері тарапынан да жан-жақты көмек, соның ішінде баспана сатып алу және жаңа үй тұрғызып беру сияқты көмек көрсетіліп жатыр, деп жазады inform.kz.

Қостанай облысы Амангелді ауданының Амангелді, Амантоғай, Ағаштыкөл, Байғабыл, Есір және Қарасу ауылдарының халқы үшін тұрғын үйлердің құрылысы басталды. Жаңа баспана тұрғызып беруді Әулиекөл ауданы мен Рудный қаласының құрылысшылары өз мойнына алып отыр.

Құрылыс Қостанай облысының әкімдігімен жасалған меморандум аясында «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қайырымдылық көмегі есебінен басталды. Оңтүстік өңірлердегі әр үйдің құрылысына қордан 29,5 млн теңге бөлінген.

Айта кетсек, құрылысты толық қамтамасыз ету үшін құрылысшылар мен техника, сондай-ақ жұмысшыларға қажетті құрал-жабдықтар Амангелді ауданына алдын ала жіберілді. Барлығы 27 жеке тұрғын үй салу жоспарлануда.

Естеріңізге сала кетейік, Амангелді және Жангелді аудандары ауылдарында «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қайырымдылық көмегі есебінен тұрғын үйлер салу жұмыстары басталған. Типтік жоба бойынша 68 баспана тұрғызылады. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттама сараптамадан өтуде. Бір үйдің алдын ала құны облыстың шалғайлығы мен логистиканың күрделілігін ескере отырып, шамамен 29,5 миллион теңгені құрайды. Қор бұл үйлердің құрылысына сәулет-техникалық қадағалау қызметтерін де төлейтін болады.

Бүгінгі таңда Қостанай облысында 473 тұрғын үй құрылыс пен сатып алудың әртүрлі кезеңдерінде.