"Сүйінші" коллекциялық монеталары айналымға шығарылады

0
1 964

Қазақстан Ұлттық Банкі 2018 жылдың 12 қыркүйегінде 500 және 100 теңгелік коллекциялық монеталарын айналымға шығарады


фото:Tengrinews.kz

ERNUR.KZ. Қазақстан Ұлттық Банкі 2018 жылдың 12 қыркүйегінде "Қазақстанның әдет-ғұрыптары, ұлттық ойындары" сериясынан номиналы 500 теңгелік күмістен жасалған және номиналы 100 теңгелік мельхиор қоспасынан жасалған "Сүйінші" коллекциялық монеталарын айналымға шығарады, - деп жазады Tengrinews.kz.

Сүйінші - қуанышты жаңалық. Қуанышты хабар жеткізген адамға "қалағаныңды ал" деп айтады немесе бір сыйлық береді. "Сүйінші" деген сөзді айтқанда кез келген адам жақсы хабар жеткізілетінін біледі. "Сүйінші" монеталарының сипаттамасы Күмістен және мельхиор қоспасынан жасалған монеталардың бет және сырт жақтарындағы бейнелер бірдей. Монеталардың бет жағында (аверсінде) орталық бөлігінде ою-өрнек аясында Қазақстан Республикасының елтаңбасы бейнеленген. Төменгі бөлігінде монетаның номиналын білдіретін сан күміс монетада "500", мельхиор қоспасынан жасалған монетада "100" деген сан, сондай-ақ "теңге" деген жазу бар. Сол және оң жақ бөліктерінде ұлттық ою-өрнек элементі бір деңгейде бейнеленген. Айналдыра мемлекеттік тілде "Қазақстан Республикасы және орыс тілінде "Республика Казахстан" деген жазу бар.

Монеталардың сырт жағында (реверсінде) ұлттық әдет-ғұрып - сүйіншінің бір сәті және Қазақстан теңге сарайының тауар белгісі бейнеленген. Жоғары бөлігінде айналдыра "СҮЙІНШІ" деген жазу, соғылған жылын білдіретін "2018" деген сан бар. Күміс монетада монета дайындалған металды, оның сынамын және массасын білдіретін "Ag 925 24g" деген жазу бейнеленген.

Монеталардың бет және сырт жағындағы бейнелер бедерлі, айналдыра шығыңқы жиек жүргізілген. Қыры (гурты) бедерлі. Монеталар: - 925 сынамды күмістен жасалған, массасы - 24 грамм, диаметрі - 37 мм, дайындау сапасы - proof, таралымы - 2 мың дана; - МН 25 мельхиор қоспасынан, диаметрі - 31 мм, массасы - 11,17 грамм, дайындау сапасы - brilliant uncirculated, таралымы - 30 мың дана.

Номиналы 500 теңгелік және 100 теңгелік коллекциялық монеталар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында көрсетілген құнымен төлемнің барлық түрлері бойынша, сондай-ақ банк шоттарына есептеу үшін және аударым жасау үшін қабылдануға міндетті, ҚР барлық банкнде шектеусіз ұсақталады және айырбасталады.

Коллекциялық монеталарды "Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қазақстан теңге сарайы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны дайындаған. Монеталардың дизайны Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 25 қыркүйектегі № 1193 Жарлығымен бекітілген Қазақстан теңгесі - ұлттық валюта банкноттары мен монеталары дизайнының тұжырымдамасына сәйкес әзірленген.

Монеталар коллекциялық құны бойынша сатуға арналған. Күміс монеталар кәдесыйлық ораумен шығарылады және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдеріндегі нөмірлік сапа сертификатымен жабдықталған. Мельхиор қоспасынан жасалған монеталар сату үшін арнайы полиграфиялық орауға салынған. Коллекциялық монеталарды ҚР Ұлттық Банкінің барлық аумақтық филиалдарында, сондай-ақ, сайтында "Ұлттық валюта" деген бөлімде Интернет-дүкен арқылы сатып алуға болады.