Сүт ішіндегі «сюрприз»: Алматылық зейнеткер сүттің ішінен мүшеқап тауып алды

0
2 858

Еліміздегі білдей зауыттың осы өнімін 1 жылдан астам уақыт қолданып келген.


Сүт ішіндегі «сюрприз»: Алматылық зейнеткер сүттің ішінен мүшеқап тауып алды

Фото:ktk.kz.

ERNUR.KZ. Сүт ішіндегі «сюрприз»! Алматылық 61 жастағы зейнеткер дүкеннен сатып алған пастерленген сүттің ішінен мүшеқап шыққанын айтып дабыл қақты. Сұмдық жағдайдан шошынып қалған Қизат Унаева еліміздегі білдей зауыттың осы өнімін 1 жылдан астам уақыт қолданып келген екен, деп жазады ktk.kz.

Енді қарапайым сүт қатқан шай ішуден қорқып қалған ол, құзырлы мекемеге арыз түсірген. Бірақ, өндіруші компания өкілдері толықтай автоматтандырылған зауыт өнімінен мүшеқап табылуы ақылға симайды дейді.

"Сүтті ашсам ішінен мүшеқап шықты. Масқара ғой бұл."

Алматылық Қизат Унаева дүкен сөресіндегі пастерленген сүтті екі күн бұрын сатып алғанын айтады. Алайда, үйге келісімен тетрапакеттің аузын ашқан зейнеткер ішінде қалқып жүрген мүшеқапты көреді.

"Жартысын банкіге құйғаннан кейін ақпай қалды. Қайшымен кескен жерін жыртып жібердім. Жыртып жібергенде мүшеқап шықты ішінен. Бәріміз шай ішеміз. Сонда біз не ішіп жүрміз? Менің осыны қолданғаныма бір жылдан асты. Бұның алдында не болғанын қайдан білеміз?" - Қизат Унаева.

Халал таңбасы белгіленген сүттің ішіндегі тосын сыйдан есеңгіреген зейнеткер қайтадан дүкенге тұра жүгіреді. Асып-сасқан сатушылар бірден өнімді жеткізуші компания өкілдерімен телефон арқылы тілдестіріпті. Бірақ, тұтқаны көтергендер кінәні өзіме арта салды дейді шағымданушы.

"Мүмкін ол кісінің өзі ішіне салып қойған шығар дейді. Сонда мен осындай жасқа келгенде маған керек пе? Осындай шу, анау-мынау маған керек пе? Мынаны ашпай, ана сүтті қолдансам не болады? Мүмкін ішіндегі ауру нәрсе? Ойлаңызшы, сұмдық нәрсе ғой"- дейді алматылық Қизат Унаева.

Алайда, сүт өндіруші зауыт өкілдері алматылық тұрғынның іс-әрекеті шындыққа жанаспайды дейді. Олардың мәлемтінше, автоматтандырылған жүйеде ондай олқылық кету мүмкін емес.

"Ультрапастерленген сүтті дайындау процесі бізде толықтай автоматтандырылған. Сүтті құю кезінде ешқандай адами фактор қолданылмады. Сүтті қабылдап алудан бастап дайын болғанға дейін аралықта өнімге ешкімнің қол тигізуіне рұқсат етілмейді" - зауыт зертханасының меңгерушісі Елена Ахметжанова.

Ал, адал асты арамдағандармен ақырына дейін күресуге бел будым деген Қизат Унаева құзырлы орындарға шағым түсіріп отыр.

"Аталған дерек бойынша өнімді сатқан сауда орынына қатысты жоспардан тыс тексеру жүргіземіз. Сондай-ақ, сүт өнімін өндіруші және жеткізушілерді анықтап, талапқа сай шара қолданамыз. Сорақылық дәлелденсе өндіруші компания әкімшілік жауапқа тартылатынын айтқан құзырлы мекеме өкілдері, тіпті жұмысын тоқтату жөнінде мәселе көтерілуі мүмкін" - дейді Әсел Қалықова, Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары.

Ал, екі күннен бері сүт қатқан шай ішуден шошынып қалған зейнеткер тұтынушылардың құқығы аяққа тапталмаса екен деп тілейді.