Бұдан былай жоғары оқу орындарында есептілікті қысқарту аясында 11 құжат талап етілмейді.
ERNUR.KZ. Білім және ғылым министрлігі жоғары оқу орындарынан талап етілетін бірқатар құжаттың қысқартылғанын мәлімдеді, деп жазады sputnik.kz.
Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаевтың айтуынша, бұдан былай жоғары оқу орындарында есептілікті қысқарту аясында 11 құжат талап етілмейді. Соның ішінде студенттің сынақ кітапшасы және үлгерімнің қағаз журналдары бар.
Сондай-ақ профессор-оқытушылар құрамының жұмысын жеңілдету мақсатында бірнеше есеп беру құжаты алынып тасталды. Олар:
1. Оқытушылардың әрбір айға арналған оқу жұмыс уақытын есепке алу тізімдемесі (сағатпен және (немесе) кредитпен);
2. Оқытушылардың жыл ішіндегі оқу уақытын есепке алу тізімдемесі (сағатпен және (немесе) кредитпен);
3. Емтихан тізімдемесі (білім алушыларды аралық аттестаттау үшін);
4. Білім алушыларды қорытынды аттестаттаудан өткізу жөніндегі комиссия отырысының хаттамалары. Білім алушыларды қорытынды аттестаттау жөніндегі комиссия отырысының қорытынды аттестаттау емтихандарын тапсыру туралы хаттамасы;
5. Білім алушыларға біліктілік беру туралы қорытынды аттестаттауды өткізу жөніндегі комиссия отырысының хаттамасы (жиынтық);
6. Білім алушыларды қорытынды аттестаттау жөніндегі комиссияның білім алушылардың бітіру жұмысын қарау бойынша (дипломдық жоба (жұмыс) отырысының хаттамасы;
7. Емтихан тізімдемесі;
8. Кафедраның жұмыс жоспары.
Сондай-ақ министрлік күші жойылған есептіліктің жеке қағаз түрлерін жасамауға, жоспарлау мен құжат айналымының цифрлық жүйесіне толық көшуге шақырды.
"Алайда департаментке кейбір жоғары оқу орындарында әлі күнге дейін профессор-оқытушылар құрамынан артық есептілік құжаттары талап етілетіні туралы ақпарат келіп түсуде. Мысалы, студенттер үлгерімінің қағаз журналы, профессор-оқытушылар құрамының атқарған жұмыстары туралы апта сайынғы/ай сайынғы есептер және тағысын тағы. Құрметті әріптестер, егер сіз осындай проблемаларға тап болсаңыз, әрбір осындай жағдай бойынша департаментке хабарлауыңызды сұраймыз", - деп жазды Тойбаев.