Тағы бір ипотекалық бағдарлама бойынша қарыз беру тоқтайды

0
535

Биыл 1 қазанға дейін түскен өтінімдер компанияның ішкі құжаттарында көзделген тәртіппен қаралады.


Тағы бір ипотекалық бағдарлама бойынша қарыз беру тоқтайды

ERNUR.KZ. «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ «Орда» ипотекалық бағдарламасы бойынша қарыз беруді тоқтатады, деп жазады inbusiness.kz.

Биыл 1 қазанға дейін түскен өтінімдер компанияның ішкі құжаттарында көзделген тәртіппен қаралады.

«Жыл сайын «Орда» бағдарламасы бойынша жоспарлы қаржыландыру – 13,8 млрд теңге. Оны Қазақстан тұрғын үй компаниясы өз қаражаты есебінен жүзеге асырады. 2021 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша жоспарлы көрсеткіштер 4,1 млрд теңгеге асты. Осыған байланысты компания жеке тұлғалардан өтінімдерді қабылдауды тоқтатады», - деп жазылған компания таратқан хабарламада.

Айта кетейік, 2018 жылғы қазанда «Орда» ипотекалық бағдарламасы іске қосылды. Ол тұрғын үй құнының 30% көлемінде бастапқы жарнамен немесе бастапқы жарнаны қосымша кепілмен ауыстыру мүмкіндігімен 20 жылға дейін жылдық 12% (табысты толық растаған кезде) және 14% (табысты ішінара растаған кезде) мөлшерлемесімен бастапқы нарықта және бұрын пайдалануға берілген тұрғын үйді сатып алу үшін қарыз беріп келген.

Нұр-Сұлтан және Алматыда қарыз сомасы – 1 млн теңге – 65 млн теңгеге дейін, басқа өңірлерде 1 млн теңге – 45 млн теңгеге дейін. Өтінімдерді қабылдау және қарыздарға одан әрі қызмет көрсету «Еуразиялық банк» АҚ, First Heartland Jýsan Bank АҚ, «Банк ЦентрКредит» АҚ арқылы жүзеге асырылды.

2018 жылғы қазаннан 2021 жылғы 1 қыркүйекке дейін аталған бағдарлама аясында 70 млрд-тан аса теңгеге 5 271 өтінім алынды. Оның ішінде 49,4 млрд теңге болатын 3 838 өтінім мақұлданды.