Талдықорғандағы жылыту қазандықтарына түгелдей газ желісін қосу қажет - сенатор

0
3 458

Депутаттар Талдықорған қаласындағы табиғи газға қосылған №4 қазандық пен №9 көмір қазандығында болды.


Талдықорғандағы жылыту қазандықтарына түгелдей газ желісін қосу қажет - сенатор

ERNUR.KZ. Талдықорғандағы жылыту қазандықтарын газға толық қосу мәселесі күн тәртібінен түспеуі тиіс. Бұл туралы өңірге жұмыс сапары барысында Сенат депутаты Сұлтан Дүйсембинов айтты, деп жазады inform.kz.

Парламент Сенатының депутаттары Сұлтан Дүйсембинов пен Ғалиасқар Сарыбаев Жетісу облысында бірқатар кездесулер өткізді. Сапар аясында Балпық би ауылындағы орталық жылу қазандығының жұмысшыларымен кездесіп, сала мамандарымен инженерлік инфрақұрылымның өзекті мәселелерін талқылады.
«Біз тұрғындарды толғандыратын мәселелерді талқылау және оларды ұтымды шешу жолдарын қарастыру үшін өңірге келдік. Жергілікті атқарушы органдардың негізгі міндетінің бірі – жылыту маусымында қазандықтардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету. Сонымен қатар, экологиялық жағдайды жақсарту мәселелерін де назардан тыс қалдыруға болмайды. Сондықтан, аудандық жылыту қазандықтарын газға толық қосу мәселесі күн тәртібінен түспеуі тиіс деп ойлаймын», - деді Сұлтан Дүйсембинов.
Депутаттар Талдықорған қаласындағы табиғи газға қосылған №4 қазандық пен №9 көмір қазандығында болды.
«Қазандықтарды көмірді пайдаланудан табиғи газға ауыстыру нақты мультипликативтік әсерге ие болады және бұл өңірдің экологиясына ғана емес, әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң әсер етуі мүмкін. Сондықтан, біз қала экологиясын жақсарту жұмысын баяулатпаймыз, бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды жүргізілуі тиіс», - деп атап өтті сенатор Ғалиасқар Сарыбаев.
Депутаттар өңірдегі басты кәсіпорын болып саналатын қант зауытына барды. Зауыт өткен жылы 160 мың тонна қызылша өңдеп, 20 мың тонна қант шығарған.
«Мемлекет басшысы 2022 жылғы 1 қыркүйектегі халыққа Жолдауында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін көтерген болатын. Ішкі нарықты қантпен қамтамасыз ету мәселесі өзекті болып қала береді. Бұл ретте өңдеу қуаттарын тәулігіне 4,5-5 мың тоннаға дейін жеткізу – уақыт талабына байланысты қажеттілік, біз бәріміз осы мақсатқа жету үшін күш салуымыз керек», - деп атап өтті Ғалиасқар Сарыбаев.
Сенаторлар Бесқайнар ауылындағы орта мектепті жөндеу жұмыстарының барысымен де танысты. Ғимаратты тексеру барысында бюджеттің тиімді және мақсатты жұмсалуын қадағалаудың маңыздылығы аталып өтті.
Сонымен қатар, №19 гуманитарлық-техникалық колледждің жай-күйімен танысып, оқытушылар құрамымен кездесті. Көксу ауданының тұрғындарымен кездесіп, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру мәселелерін талқылады.