"Тальгода" зорланған келіншек қазақстандықтарға үндеу жасады

0
983

Зардап шеккен келіншектің айтуынша, ол әлі күнге дейін қайғылы жағдайды ұмытар емес.


ERNUR.KZ. "Тальгода" зорланған қазақстандық келіншек қолдау білдіргендерге алғыс айтып, Facebook желісіндегі "НеМолчи.kz" парақшасында қазақстандықтарға үндеу жасады, деп жазады tengrinews.kz.

"Жаңалықтарды оқыдым, БАҚ-тарда көрсетілген репортаждарды көрдім, сіздердің көмектеріңізбен бұл қылмыстың халық арасында шу шығарғанын түсіндім! Елімізде бірде-бір әйелдің, бірде-бір баланың мұндай зорлық көрмеуін қалаймын, олардың қорғайтын адамдар бар екенін сезгенін қалаймын", - делінген жазбада.

Зардап шеккен келіншектің айтуынша, ол әлі күнге дейін қайғылы жағдайды ұмытар емес.

"Өзім көп оқыдым, көп жұмыс істедім, бірнеше елде болдым, әр елдің мәдениетін көріп-біліп, өз еліме үнемі сүйіспеншілікпен оралатынмын. Елімде мені қорғайтын адамдардың бар екеніне сенетінмін. Бірақ кез келген жерде кез келген сәтте қайғылы жағдайдың құрбаны болуы мүмкін екен. Сол түндегі оқиғадан кейін өмірімде енді сұмдық ештеңе болуы мүмкін емес. Осыған байланысты мен, зорланған келіншек ретінде, еліміздің басшылығына және ҚР Парламентінің депутаттарына сексуалдық зорлық жасағандарға жазаны күшейтуді сұраймын. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінен зорландарға қатысты іс бойынша тергеудің жүру процесін бақылайтын бірыңғай алгоритм ойластыруды сұраймын", - деп жазды ол.

"Тальгодағы" зорлау ісі. Оқиға қалай өрбіді? Еске салайық, бұл оқиға 2018 жылдың қыркүйегінде болған. Ақтөбелік келіншек бұл оқиға жайлы әлеуметтік желіде жазып, артынша жұртты дүрліктірген еді. Ал биыл 26 шілдеде жолсеріктерге қатысты сот үкімі шыққан еді. Жетес Үмбеталиев пен Колқанат Құрманиязов есімді жолсеріктер Қылмыстық кодекстің 120-бабы, 1-бөлігі - "Зорлау" бойынша айыпты деп танылып, екі жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Үкімді сот Оразбай Сатыбалды шығарған болатын.