"Талып қалғаным жоқ": Талдықорғанда вакцина алған медбике видеоүндеу жариялады

0
2 521

Медбике бейнежазбада өзінің жұмыста отырғанын және жағдайы жақсы екенін жеткізеді.


ERNUR.KZ. Талдықорған қаласында вакцинациядан кейін есінен таңып қалды делінген медбике видеоүндеу жариялады, деп жазады ҚазАқпарат.


«Облыстық аурухананың инфекциялық бөлімінің медбикесімін. Кеше №2 емханаға COVID -19-ға қарсы вакцина алуға бардық. Вакцина алар алдында уайымдағаннан кейін жүрегімнің соғысы қатты болып, сол жерде маған алғашқы көмек көрсетілді. Алғашқы көмек көрсетілгеннен кейін жағдайым жақсарып үйге қайттым. Ал Instagram-желісінде мені «сол жерде талып қалыпты», мені «жансақтау бөліміне алып кетіпті» деген ақпараттың бәрі жалған екендігін айтқым келеді», - деді видео авторы.


Сондай-ақ, медбике бейнежазбада өзінің жұмыста отырғанын және жағдайы жақсы екенін жеткізеді.


«Үш аптадан кейін келесі вакцинамды алуға дайынмын», - дейді ол.


Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желіде Талдықорғанда вакцина алған медбикенің есінен таңып қалғандығы жөнінде ақпарат жарияланған болатын.

Ал Алматы облыстық Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің хатшысы Ләйлім Әубәкірова тұрғындардан тек ресми деректердің ақпаратына жүгінуге шақырды.