Тараз маңындағы фосфор қалдығы 16 миллион тоннадан асқан

0
591

"Қазфосфат" ЖШС зауыттарынан шығатын фосфогипс қалдықтары тау болып үйілген екі үйіндіге сыймай жатыр.


Тараз маңындағы фосфор қалдығы 16 миллион тоннадан асқан

ERNUR.KZ. Көлемі 16 миллион тоннадан асатын фосфогипсті енді шаһардан 20 шақырым жерге үшінші үйіндіге жинау жоспарлануда, деп жазады inbusiness.kz.

Алдағы жылдарда минералды тыңайтқыштар өндірісін ұлғайту жоспарлануда. Осыған байланысты компания үшінші үйінді салу жөніндегі жобаны іске қоспақ.

Зауыт басшыларының айтуынша, үйінді 135 гектарға дейінгі аумақты алмақшы. Ал қалдықтардың жалпы көлемі 20 миллион тоннаға дейін жетеді деп күтіліп отыр.

Жамбыл облысына жұмыс сапары кезінде Экология министрі Ерлан Нысанбаев фосфогипсті ауыл шаруашылығында тыңайтқыш ретінде, сондай-ақ автомобиль жолдарын салу үшін пайдалануға болатынын айтқан болатын.

Алайда статистика жыл сайын фосфор қалдықтарының тек 140 мың тоннасы ғана тыңайтқыш ретінде пайдаланылатынын көрсетіп отыр. Ал фосфогипс көлемі жылдан-жылға көбейіп келеді.

Жамбылдық ғалымдардың айтуынша, фосфор қалдықтарын сор тартқан жерге болмаса, барлық жерге бірдей қолдануға болмайды екен. Ал цемент немесе бетон өндірісіне пайдаланып, жол құрылысына қолдануға қалдық құрамындағы фтор көлемінің көптігі кедергі келтіреді.

"Фосфогипсті құрылысқа қолдану үшін қалдықтарды 2,5 мың градуста қыздырып-өңдеп залалсыздандыру қажет. Фторсыздандырып барып, құрғақ гипс алып, оны әрі қарай өңдеп, цемент өндірсе, өнімге деген сұраныс артады", - дейді PhD докторы Сейітжан Әуесжанұлы.