Таразда асарлатып үй салу жобасымен баспаналы болуға тиіс үш отбасы үйсіз қалуы мүмкін

0
645

Әр жанұя үй құрылысына демеушілерден бөлек 2 миллионнан аса ақша жұмсаған.


Таразда асарлатып үй салу жобасымен баспаналы болуға тиіс үш отбасы үйсіз қалуы мүмкін

иллюстрациялық фото

Таразда баспаналы болуы тиіс үш отбасы қаңғып қалуы мүмкін, деп хабарлайды ERNUR.KZ КТК арнасына сілтеме жасап.

Таразда асарлатып үй салу жобасымен баспаналы болуға тиіс үш отбасы жеме-жемге келгенде қаңғып қалуы мүмкін. Олардың сөзінше, әу баста атқамінерлер жер телімін бөліп үй тұрғызыңдар деген.

Бұған қуанған тұрғындар демеуші тартып, тіпті жиған-тергенін түгел құрылысқа жұмсап жіберген. Ал енді ол баспаналар басқа біреулерге бұйырғалы тұр.

Үш баланың анасы Фарида Жұмабаеваның күйеуі екінші топтағы мүгедек. Сондықтан өзім отбасын асырауға мәжбүрмін дейді. «Айлығым шайлығыма жетпейді» деген ол 15 жылдан бері жалдамалы пәтерде тұрған. Ал көктемде мешіт имамы әкімдіктен үш мұқтаж отбасыға жер телімі бөлінгенін айтыпты. Сөйтіп демеушілер көмегімен баспана тұрғызып, «біреуін сізге береміз» деген екен. Ал енді үйдің құрылысы аяқталғанда жағдай өзгеріп кеткен.

«16 желтоқсанға дейін беріледі дегенге қуанып отырғанмын. Енді әкімдік алып қоймақшы. Сөйтіп оны басқа бір кісілерге беремін, басқаларды отырғызамын деп айтыпты», - дейді Тараз қаласының тұрғыны Фарида Жұмабаева.

Фарида Жұмабаева үй құрылысына жиған-тергенімнің бәрін жұмсадым дейді. Тіпті жұмысшыларды өзі жалдап, оларға ас-суын да беріп отырған. 39 жастағы әйел маңдай теріммен соққан үйді бөтен біреуге бермеймін деп табандап тұр.

Фарида секілді тағы екі отбасы тығырыққа тірелген. Ал мешіт имамы Елдос Қырықбаевтың сөзінше, осы істің басы-қасында өзі жүрген. Ол қала әкімі Ержан Жылқыбаевпен келіскенін айтуда. Яғни әкімдік жер беріп, демеушілер көмегімен бұлар үш жанұяға баспана салуға уағдаласқан. «Ал енді үйдің құрылысы біткенде шенділер сөзден тайқыды» дейді.

Қала әкімдігі үш баспананың құрылысы ерте көктемде басталғанымен, жарым жолда тоқтап қалғанын айтады. Сөйтіп өздері демеушілер көмегімен аяқтапты. Ал бұл жағдайдың туындауына имамды айыптап отыр. Өйткені ол ешкіммен келіспестен тұрғындарға уәде беріп қойған дейді. Тәртіп бойынша асарлатып салынған үйлер тек тұрғын үй кезегінде барларға беріледі екен. Бұл үш отбасының біреуі ғана кезекте тұр. Оның өзі былтыр тіркелген.

«Бастамашы топ әкімдіктің рұқсатынсыз, яғни әкімдікпен келіспей жатып, ешқандай азаматтарға тұрғын үй сіздерге салып беремін немесе асардан көтерілген үйлер сіздерге беріледі деген уәде бермеу керек еді. Және бұл тұрғын үйлер тұрғын үй кезегінде тұрған азаматарға берілетіндіктен, арнайы комиссия құрылған», - дейді Тараз қаласы әкімінің кеңесшісі Зарина Қуатова.

Әр жанұя үй құрылысына демеушілерден бөлек 2 миллионнан аса ақша жұмсағанын айтады. Әкімдік бұл қаражатты қайтарып беруге дайын. Бірақ тұрғындар оған көнбей отыр. Дау болған баспаналар Тәуелсіздік күніне орай кезекте тұрған жандарға үлестіріледі. Сондықтан бұл айқайдың бүгін-ертең бітер түрі жоқ.