Бұл еліміздегі алғашқы монша болмақ.
ERNUR.KZ. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Тараз қаласындағы «Асар» оңалту орталығының құрылысы барысымен танысты, деп жазады ҚазАқпарат.
«Асар» Жамбыл облысының мүгедектермен жұмыс істейтін ұйымдар одағы» Заңды тұлғалар бірлестігіне арналған оңалту орталығының құрылысы өңір басшысының жеке тапсырмасы бойынша басталған болатын. Орталықтың құрылысы қаланың шет жағындағы, артық шу мен қарбаластан алыс Мамыр тоғайындағы жасыл желектің ортасында жүргізілуде.
Орталық әзірге екі ғимараттан тұрады. Оның бірі толық күрделі жөндеуден өткен нысан болса, екіншісі – мүмкіндігі шектеулі жандарға арнап жергілікті құрылыс компаниясы тегін салып берген ғимарат.
Қала әкімі Айтқазы Қарабалаевтың айтуынша, орталықтағы басқа да жұмыстар тараздық кәсіпкерлердің көмегімен қайтарымсыз негізде орындалуда. Олардың бірқатары құрылыс материалдарын жеткізіп берсе, енді бірі ақшалай қолғабыс етуде.
«АСАР» ЗТБ басшысы Руслан Төлегенов жаңа оңалту орталығының жоспарларымен бөлісті.
Оның айтуынша, орталық үш бағыт бойынша жұмыс істейді. Олар: физиотерапия, зоотерапия және бизнес-оқыту. Ондағы мақсат – барлық тиісті үкіметтік емес ұйымдарды біріктіру, олардың күш-жігерін, бюджеттік және демеушілік қаражаттарын артық шығындамау, бір-бірін қайталамау, мүгедектер өмірінің мәселелерін шешу, оларға жан-жақты қолдау көрсету.
Мүгедектер арбасындағы Руслан ерекше адамдардың мәселелерінен барынша хабардар.
«Біз келген адамнын ең алдымен қаншалықты қабілетті екендігін анықтаймыз, содан кейін оны стационарға немесе кәдесыйлар жасау шеберханаларына жұмысқа жібереміз. Сондай-ақ, өз бизнесін ұйымдастыруға және жүргізуге үйретеміз. Жұмысымызды осы бағытта жүйелей түскіміз келеді, - дейді Р. Төлегенов.
Сонымен қатар, оңалту орталығында тұрақты күтімді қажет ететін мүгедектердің туыстарына психологиялық және практикалық көмек көрсету бағдарламасын іске асыру жоспарлануда.
Бердібек Сапарбаев оңалту орталығындағы жұмыстардың жай-күйімен танысып, барлық үй-жайларды қарап шықты. Назарына ілінген кейбір кемшіліктерді тез арада жоюды бұйырды.
Сондай-ақ, ол орталықтың жоспарларына бірқатар түзетулер енгізді. Атап айтсақ, облыс әкімі орталыққа жұмысқа келетін мамандардың арасында массажист жоқ екендігіне назар аударды. Бірақ бұл тапшы мамандық мәселесін көру қабілеті нашар адамдарды оқыту арқылу шешуге болады. Бұл орайда көру қабілеті нашар адамдарда қолдың сезімталдылығын арттыру талап етілетіндігі белгілі. Демек, бұл олардың жетістікке жете алатын бірнеше мамандықтардың бірі десек қателеспейміз. Осыған орай облыс әкімі медициналық колледжде мүмкіндігі шектеулі жандар арасынан массажистерді дайындайтын арнайы топ ашуды тапсырды.
Сондай-ақ орталықпен танысу барысында облыста мүмкіндігі шектеулі адамдардың қажеттіліктері ескеріліп, салынған бірде-бір монша жоқ екендігі белгілі болды.
«Мұндай монша Қазақстанның ешқандай өңірінде жоқ», — дейді Р.Төлегенов.
«Онда ондай моншаны біз салайық», — деген облыс әкімі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубековке аталған жобаны әзірлеуді ұйымдастыруды, сондай-ақ орталықтың техникалық жабдықталуына қажеттіліктерді нақтылап, мәселелерді шешу жөнінде тапсырма берді.
Облыс әкімі аумақты абаттандыру және иппотерапия жобасын іске асыру шараларын жеделдетуді, күн жыли түскенде аталған жобаның жұмысын бастау керектігін баса айтты.