Тараздағы алып өндіріс "Қазфосфат" зауытында техникалық апат болып, одан шыққан қою түтін қала көшелеріне жайылды.
ERNUR.KZ. Тараздағы "Қазфосфат" зауытын ауаға зиянды заттар тарап кетуіне байланысты уақытша жабу көзделіп отыр, деп жазады sputnik.kz.
Тараздағы алып өндіріс "Қазфосфат" зауытында техникалық апат болып, одан шыққан қою түтін қала көшелеріне жайылды. Облыстық экология департаментінің мамандары кәсіпорын жұмысын уақытша тоқтатпақ. Себебі, ауаға зиянды күкірт сутегінің мөлшері шамадан тыс тарап кеткен көрінеді. Бұл жағдай тәулігіне екі рет қайталанған.
"Санитарлық қоғау аумағынан сынама алынып, ол жерде күкірт сутек зиянды заттар анықталып, нормадан тыс асқаны анықталды. Қазіргі таңда жоспардан тыс тексеріс дайындалып жатыр. Зерделеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жөндегенге дейін зауыт жұмысын уақытша тоқтататын шығармыз", - деді Жамбыл облысы экология департаментінің бөлім басшысы Серік Нұрбаев.
Зауыт мамандары да болған оқиғаның себептерін анықтап жатыр. "Қазфосфат" ЖШС бас экологы Арман Қарағалиевтің айтуынша, зауыт зертханасында зерттеу жүргізілген, санитарлық учаскелер мен қала маңында дозаның шамадан тыс асқаны тіркелген жоқ.
Жайылған қою түтінге қатысты арнайы құрылған жұмыс тобының қорытындысымен көпшілік келіспейді. Себебі, кешелі-бері тұрғындардың тамағы ашып, көздері жасаураған.
Еске салсақ, Тараз тұрғындары дүйсенбі кешке әлеуметтік желілерде тұман басқан қаланың видеоларын бөлісті. Олар жағымсыз иіс салдарынан тыныс алу қиындағанын айтты.
Қаланы түтін басуына "Қазфосфат" зауытындағы жағдай себеп болған.
Сағат кешкі сегізде моногидратты абсорбер сорғысы істен шықты. Оосыған байланысты ауаға газ (күкірт триоксиді) тарады. Цех жұмысы шұғыл түрде тоқтатылды.
"Қазфосфат" ЖШС бас директоры Нұрланов күкірт-қышқыл цехында пайда болған ақауды жою, сондай-ақ алдағы уақытта мұндай жағдайды болдырмау бойынша қажетті іс-шаралар өткізуді тапсырды.
Қазіргі уақытта минералды тыңайтқыштар зауыты штаттық режимде жұмыс істейді.
Бұған дейін Тараз билігі қала тұрғындарының денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ деп мәлімдеген болатын.