Тегін медициналық қызметті ақылы түрде ұсынған емханалар анықталды

0
1 186

Тексеру барысында аталған медициналық ұйымдарға тіркелу 3 жұмыс күні ішінде көрсетілген, ал ережеге сәйкес науқас 1 жұмыс күнінде тіркелуі тиіс.


Тегін медициналық қызметті ақылы түрде ұсынған емханалар анықталды

ERNUR.KZ. ҚР Мемлекеттік қызмет істері мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі елордалық медициналық ұйымдарда «жасырын сатуп алушы» тәсілімен жүргізілген мониторинг нәтижесін жариялады, деп жазады ҚазАқпарат.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Мемлекеттік қызметтер департаментінің директоры Ильдар Үйсімбаев қызмет көрсету ережелерін бұзған елордалық емханаларды атады.

«Кепілді медициналық көмек алу үшін, яғни аумақтық дәрігер мен тар шеңберлі мамандардың қабылдауы, диагностика мен медициналық тексерулер, балалар мен жүктілерге қамқорлық жасау, дәрігерді үйге шақыру және стационарға жолдама алу үшін тұрғындар медициналық ұйымға тіркелулері қажет. Ол үшін жеке куәлікті көрсету жеткілікті. Алайда, тексеруде №7 және 10 қалалық емханаларға тіркелуде азаматтардың жеке куәлік құжаттарының көшірмесі мен флюрографиялық суреттері негізсіз сұралған. Бұл ретте, науқастарға емхананың өзінен рентгендік тексеруден өтуді 1500 теңгеге ұсынылған. Медициналық ұйымға тіркелген және емдеуші дәрігердің тиісті жолдамасын алған науқас рентгендік тексеруден тегін өтуі керек», - деді И. Үйсімбаев Астанада Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Ұлттық бюрода өткен баспасөз мәслихатында.

Тексеру барысында аталған медициналық ұйымдарға тіркелу 3 жұмыс күні ішінде көрсетілген, ал ережеге сәйкес науқас 1 жұмыс күнінде тіркелуі тиіс.

«Артық құжаттарды сұрау фактілері мен мемлекеттік қызметтерді көрсету мерзімінің бұзылуы №9 қалалық медициналық ұйымы мен «Шипагер» отбасылық денсаулық орталығында да анықталды. Бұдан басқа, электрондық кезек болмай, «жанды» кезектің көбеюі, дәрігер қабылдауына электронды жазылу мүмкіндігі бола тұра, журналға жазылу фактілері анықталды. Сондықтан мониторинг кезінде емханалардан ұзын-сонар кезектер байқалды, бұл азаматтардың объективті наразылығына әкеп соқты», - деп сөзін жалғастырды департамент басшысы.

И. Үйсімбаевтың айтуынша, медициналық қызметтерді алуда дәл осындай заңнаманың бұзылуы Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе облыстарында анықталған.