Жанжал алдымен кәмелетке толмаған екі бала арасында орын алған.
ERNUR.KZ. Теміртауда тәртіп сақшылары көршісімен жанжал барысында үйінен мылтық алып шығып, оқ атқан ер адамды құрықтады. Ұсталған азамат кінәсін мойындады, деп жазады ҚазАқпарат.
9 мамырда жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде Теміртау қаласы ПБ криминалдық полиция қызметкерлері оқ қаруын қолданып, бұзақылық жасағаны үшін іздестіріліп жатқан 32 жастағы қала тұрғынын ұстады.
«Күдікті өз кінәсін мойындады. «Armsan« маркалы тегіс ұңғылы мылтық тәркіленді. Тиісті сараптамалар тағайындалды», - деп хабарлады Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі.
Естеріңізге сала кетейік, 8 мамыр күні сағат 20:42 шамасында Теміртау қаласында 8 шағын аудандағы аулалардың бірінде кәмелетке толмаған екі бала арасында жанжал болды.
Балаларды ажырату үшін үйлерінен әкелері шыққан. Алайда, жағдайды анықтау барысында балалардың бірінің 43 жастағы әкесі 32 жастағы қарсыласын бетінен ұрған. Содан кейін соңғысы үйінен мылтық алып, екі рет ауаға оқ атып, қашып кеткен. Атыс кезінде зардап шеккендер жоқ.