Теңіз кен орнындағы апат: қаза тапқандардың отбасына материалдық көмек көрсетіледі

0
649

​Полиция департаменті "Еңбекті қорғау ережелерін бұзу" бабы бойынша тергеу бастады.


Теңіз кен орнындағы апат: қаза тапқандардың отбасына материалдық көмек көрсетіледі

ERNUR.KZ. Теңіз кен орнында құбыр жарылысынан қаза тапқан және зардап шеккендердің отбасыларына материалдық көмек көрсетіледі, деп жазады sputnik.kz.

Апаттың себептерін анықтау үшін арнайы комиссия құрылуда. Соның аясында тиісті жұмыс жүргізіледі.
Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі өңір басшысы Серік Шәпкенов төтенше жағдайға байланысты шұғыл кеңес өткізгенін мәлімдеді.
"Серік Шәпкенов қаза болған жұмысшылардың отбасына қайғырып көңіл айтты. Ол көз жұмған және зардап шеккен қызметкерлердің отбасына қажетті материалдық көмек көрсетілетінін атап өтті. Бұған қоса, өңір басшысы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысына жарақат алған жұмысшыларға қажетті медициналық көмек көрсетуді тапсырды", - делінген хабарламада.
Еске салсақ, 6 шілде күні Теңіз кен орнында құбыр жарылды. Салдарынан екі адам қаза болды, тағы үшеуі зардап шекті.
Оқиға орнында "Сенімді Құрылыс" ЖШС жұмысшысы көз жұмды, ал "Агропром техника" компаниясының қызметкері ауруханада жан тапсырды. Басқа мердігерлік ұйымдардың үш жұмысшысы жарақат алды.
Зардап шеккендердің бірі "Теңізшевройл" ЖШС-ға тиесілі ұшақпен облыстық ауруханаға жеткізілді. Зардап шеккен екінші жұмысшы Жылыой аудандық ауруханасына жатқызылды. Ол жамбас буынының жабық жарақатын алды. Қазір жағдайы орташа. Үшінші жұмысшыға "ТШО клиникасы" медициналық мекемесінің қызметкерлері психологиялық көмек көрсетіп жатыр.