Тікұшақ апаты: ҚР Бас прокуроры тергеуді өз бақылауына алды

0
1 143

Тергеу барысы Бас прокурордың бақылауына алынды.


Тікұшақ апаты: ҚР Бас прокуроры тергеуді өз бақылауына алды

ҚР Бас прокуроры Ғизат Нұрдәулетов Қызылорда облысында болған тікұшақ апатын тергеу барысын өз бақылауына алды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

«Қорғаныс министрлігінің әскери тікұшағының апатқа ұшырау фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 464-бабымен (ұшу немесе оған дайындалу қағидаларын бұзу) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қайғылы оқиғаның өзектілігіне орай, қылмыстық іс Бас әскери прокуратурасы арнайы прокурорларының өндірісіне қабылданды», - делінген ҚР Бас прокуратурасының сайтында.

Мәлім болғандай, ҚР ІІМ-нің Әскери-тергеу басқармасының қызметкерлері қатарынан жедел-тергеу тобы құрылды.Тергеу барысы Бас прокурордың бақылауына алынды.

Еске салайық, 27 наурыз күні кешке Қызылорда облысының Жалағаш ауданында МИ-8 тікұшағы апатқа ұшырады. Қорғаныс министрлігінің ақпаратына сәйкес, аталған тікұшақ Ақтау қаласынан Шымкентке бет алған 4 әскери тікұшақ құрамында болған. Барлық экипаж мүшесі - 13 адам қаза тапты.

Дереккөз:ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі