Қазақ тіліндегі тиісті әдебиеттер өте аз немесе мүлдем жоқ.
ERNUR.KZ. Оқу мәдениетін арттыру мәселесін кешенді түрде шешу үшін тілдік пәндер мен әдебиеттің оқу бағдарламаларын қайта қарау керек. Бұл туралы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 4-отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп жазады ҚазАқпарат.
«Тағы бір маңызды міндет - мектеп кітапханаларының кітап қорын жаңалау және толықтыру. Қазір бұл кітапханалардың қоры ескірген әрі жұтаң. Әсіресе, көркем туындылар мен тартымды әдебиеттер тапшы. Қазақ тіліндегі тиісті әдебиеттер өте аз немесе мүлдем жоқ», - деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президентінің атап өтуінше, оқушылардың әлем әдебиеті классиктерінің шығармаларына қолы жете бермейді.
«Сонымен қатар, оқу мәдениетін арттыру мәселесін кешенді түрде шешу үшін тілдік пәндер мен әдебиеттің оқу бағдарламаларын қайта қарау керек. Білім және ғылым министрлігіне осы мәселелермен мұқият айналысуды және нақты ұсыныстар енгізуді тапсырамын»,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.