​Төлеубек Аралбай үздік актер атанды

0
3 173

«Біздің қаланың ханзадасы» фильмінде басты рөлді сомдаған отандық актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Төлеубек Аралбай «Үздік ер адам рөлі» жүлдесімен марапатталды.


​Төлеубек Аралбай үздік актер атанды

ERNUR.KZ. Төлеубек Аралбай Қытайда өткен кинофестивальде үздік актер атанды, деп хабарлайды ERNUR.KZ massaget.kz ақпарат порталына сілтеме жасап.

«Біздің қаланың ханзадасы» фильмінде басты рөлді сомдаған отандық актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Төлеубек Аралбай Қытайдың Циндао қаласында маусымның 13-і мен 17-і аралығында өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше елдері кинофестивалінде «Үздік ер адам рөлі» жүлдесімен марапатталды.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Адигул продакшн» кинокомпаниясының қатысуымен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген «Біздің қаланың ханзадасы» көркем фильмі жалғыздықтың күйін кешіп жүрген балалар үйінің 6-жасар тәрбиеленушісі мен қарттар үйінің ардагері арасындағы достығы туралы баяндайды.

Фильмнің режиссері әрі сценарий авторы – Қазақстанның халық артисі Талғат Теменов («Адамдар арасындағы бөлтірік», «Қызғыш құс», «Махаббат бекеті»). Басты рөлдерді Ануар Төлеуғажы және Төлеубек Аралбай («Жаужүрек Мың Бала», «Жоюшы», «Тығырықтан жол тапқан») сомдады. Сонымен қатар, фильмге Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ музыка және драма театрының (Астана қаласы) актерлері түскен.

Фильмнің түсіру жұмыстары Астанада және Ақмола облысының Бурабай ауылында жүргізілген. Картинаның тұсаукесері 2017 жылы 1 маусымда, Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Астана қаласында өткен болатын. Ал қазан айында еліміздің кинотеатрларынан көрсетілді. Сонымен қатар, аталмыш кинотуынды қыркүйек айында Ресейде өткен ІІ Халықаралық «Еуразиялық көпір» кинофестивалінің негізгі бағдарламасы шеңберінде көрсетілген еді.

Айта кетсек, Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдері кинофестивалінің конкурстық бағдарламасына 23 кинолента қатысып, олардың арасында екі отандық картина көрсетілді. Жалпы кинофестиваль көрермендерінің назарына 60 картина ұсынды.

ШЫҰ аясындағы кинофестивальді ҚХР мемлекеттік кинематография басқармасы мен Шаньдун провинциясының әкімшілігі ұйымдастырып отыр.