Қала тұрғындары әскери бөлімнің тұрғын үйге жақын орналасқаны төтенше оқиғаға әкелуі мүмкін екенін айтып, балалары үшін қорқып отыр.
ERNUR.KZ. Ақтаудың ықшам аудандарының бірінде тұрғындар әскери бөлімнің үйге жақын орналасқанын айтып шағымданды. Олар бөлімді басқа жерге көшіруді талап етті. Тұрғындардың айтуынша, әскери қызметкерлер түнде шулайды, ал сол аймақта сақталған жарылғыш заттар төтенше оқиғаға әкелуі мүмкін, деп жазады Sputnik Қазақстан.
Ақтаулықтардың айтуынша, әскери бөлімдер төртінші ықшам аудандағы тұрғын үйлерден бірнеше метр қашықтықта орналасқан. Ол жерде жұмыс істейтін ірі техникалардан үнемі шу шығып тұрады. Әскерилер түнде тыныш ұйықтауға кедергі келтіреді.
"Ақырын жұмыс істеуін сұрасақ, ашуланып жауап береді. Кейде мән бермейді, енді бірде "терезелеріңді жабыңдар", "ұнамаса, көшіп кетіңдер" деп айғайлайды. Арасында түнгі сағат үште де моторды қосып, техниканы жөндейді", - дейді қала тұрғыны Анастасия.
Тұрғындардың айтуынша, әскери қызметшілер үй маңындағы аумақты көліктерін қоятын тұрақ ретінде пайдаланады. Тұрғындар мұның үнемі аулада ойнап жүретін балалар үшін қауіпті екенін алға тартты.
"Бір жағдай болса ғана қылмыстық жауапкершілікке тартылады, сосын барып бұл жерден кетеді. Алайда, менің ойымша, бұл тәртіпсіздікті ондай жағдайға жеткізуге болмайды", - дейді жергілікті тұрғын Вячеслав Гончаров.
Сонымен қатар ақтаулықтар бөлімнің аумағында дизель отыны бар ыдыстардың сақталанатынын айтып шағымданды.
"Бірнеше жыл бұрын мұнда төтенше оқиға болды. Шлагбаум кішкентай баланың жақ сүйегін сындырып жіберді. Сонымен қатар әскери адам деген – қару-жарақ, техника, оқ дәрілер. Қанша жылдан бері бұлай көрші отырғанымыз бізге және балаларымызға әсер етуі мүмкін екенін ойлап қорқып келеміз", - деді жергілікті тұрғындар.
Ал әскери бөлімнің басшылығы тұрғындармен он жылдан бері тату-тәтті тұрып келе жатқанын айтты. Әскери адамдардың кейде шу шығаратынын, алайда мұндай жағдайдың күн сайын бола бермейтінін алға тартты.
"Оқу-жаттығулар, әскери сипаттағы түрлі іс-шара болады, оған құрамды және басқа да заттарды тасымалдау үшін арнайы техника жұмылдырылады. Онсыз болмайды. Әрине, бізге де басқа жерге көшкен ыңғайлы болар еді, біз оған дайынбыз", - деді 29011 әскери бөлімінің командирі Данияр Хайрушев.
Қала тұрғындары прокуратура мен әкімдікке шағым жазған, алайда олардың барлығы жауапсыз қалған.