Құрал-жабдықтың бір жиынтығы 2,5 млн. теңге тұрады. Бүгінде мемлекет қолдауына ие болғысы келген фермерлер тарапынан 178 өтініш түскен.
ERNUR.KZ. Ертіс өңірінде ауыл шаруашылығы саласына цифрлық технологияларды енгізу мақсатында «ақылды» фермалар құрыла бастады, деп жазады baq.kz.
Аймақты сапалы ет өнімдерімен қамтып отырған «РубиКОМ» кәсіпорны – алғашқы қарлығаштардың бірі. Фермада өсірілетін үй жануарлары үшін қолайлы жағдайлар жасалған.
Кәсіпорынның өкілі Оксана Ткаченконың айтуынша, алғашқы «ақылды» ферма Черноярка ауылында құрылды. Жобаның артықшылығы сол, доңыз фермасын модернизациялауға бөлінген қаржының 25%-ы мемлекет тарапынан субсидияланады.
«Ауылдағы ферма репродукторының жұмысы модернизацияланды. Нысан 1000-нан астам аналық доңызға арналған. Қора жануарларды қоректендіру, суарудың автоматтандырылған жүйесімен жабдықталған. Сонымен қатар, мал тұратын ғимаратты желдету, жылыту үрдістері де автоматты түрде жүргізіледі. Нәтижесінде адамның қолымен жасалатын жұмыс көлемі азайтылды. Жұмыстың басым бөлігін компьютер тындырады. Заманауи технология Еуропа құрлығында кең қолданыста. Бұл өз кезегінде мал шығынын азайтуға өз септігін тигізіп, мал басының көбеюіне сеп болуда», - дейді Оксана Ткаченко.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының айтуынша, агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру шеберінде өңірдің мал өсіруші кәсіпорындары баламалы энергияны тұтына бастаған. Бұл бағытта мемлекеттік қолдау бар. Бүгінде аймақтың 10 кәсіпорны субсидиялау бағдарламасына қатысып, қолдауға ие болуды көздеп отыр. Ірі қара мал өсіретін азаматтар күн панельдерін сатып алып, арзан энергияның игілігін көруде. Фотоэлектрлі панельдердің өндірістік қуаттылығы 2,16 киловаттқа тең.
«Павлодар облысының мал жайылымдарын сумен қамту мәселесі өткір тұр. Шаруашылықтардың жұмысына қолбайлау болмау үшін өңірде жайылымдарды сумен қамту жобасы жүзеге асырылуда. Мәселен, бір құдық 1000 мал басты суаруға қауқарлы. Құдықтан су алу үшін электр энрегиясы керек екені белгілі. Мәселе фотоэлектрлі панельдер мен жел генераторларының көмегімен шешілмек. Осындай құрылғыларды орнатқан шаруалардың шығындарының 80%-ын мемлекет субсидиялайды», - дейді баламалы энергия құралдарын тасымалдаушы кәсіпорын басшысы Мұрат Сабыров.
Айта кетейік, құрал-жабдықтың бір жиынтығы 2,5 млн. теңге тұрады. Бүгінде мемлекет қолдауына ие болғысы келген фермерлер тарапынан 178 өтініш түскен.