Цой қазақстандықтарға Жаңа жылды тойлауға қатысты кеңес берді

0
726

ДСМ басшысы іс-шаралар өткізуге қатысты шектеулерді әр өңірдің бас санитария дәрігері қабылдайтынын еске салды.


Цой қазақстандықтарға Жаңа жылды тойлауға қатысты кеңес берді

ERNUR.KZ. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қазақстандықтарға Жаңа жылды тойлауға және корпоративтік іс-шаралар өткізуге қатысты кеңес берді, деп жазады Tengrinews.kz.

ДСМ басшысы іс-шаралар өткізуге қатысты шектеулерді әр өңірдің бас санитария дәрігері қабылдайтынын еске салды.

"Отбасы ортасында ғана атап өтуге кеңес береміз. Жаңа жыл - отбасылық мереке, сондықтан, әрине, жиналғандар санын шектеген жөн, вирус ешқайда кеткен жоқ. Өкінішке қарай, таралу, ауру және өлім жағдайлары бар. Сондықтан денсаулығымызға қарап, отбасымен атап өткен дұрыс", - деді Цой журналистер сұрағына жауап бере отырып.

Сондай-ақ, Алексей Цой көп адам жиналатын корпоративтік шараларды өткізбеуге кеңес берді.

"Ауқымды іс-шараларды шектеген жөн, белгілі бір талаптар бар, бір жерде жиналса да, саны шектеледі. Көріп отырсыздар, тіпті мектептерде күнде жабылып жатыр. Өйткені вирус жұқтырғандар бар. Жалғыз жол – вакцинация", - деп қосты ол.

Сондай-ақ, Цой Денсаулық сақтау министрлігінде корпоративтік іс-шара өткізу жоспарда жоқ екенін атап өтті.

"Жалпы, қазір біз кейбір онлайн конференцияларды қоспағанда, барлық маңызды шараларды өткізбейміз", - деп түйіндеді Цой.