"ЦОН"-ның төңірегінде жүретін пысықайлардың ақылы қызметі заңдастырылуы мүмкін

0
794

Заң жобасын әзірлеген жұмыс тобының өкілі, Мәжіліс депутаты Данабек Исабеков заңдар мен кодекстерге енгізілетін түзетулер мемлекеттік корпорация қызметкерлерін заңсыз әрекеттерден шектеп, азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталғанын айтты.


ERNUR.KZ. "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының кейбір санаттағы қызметкерлері заң бұзса, мемлекеттік қызметкер ретінде жазаланады. Бірақ бұл оларға мемлекеттік қызметкер мәртебесін береді деген сөз емес. Мәжіліс осындай заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп жазады inbusiness.kz.

Заң жобасын әзірлеген жұмыс тобының өкілі, Мәжіліс депутаты Данабек Исабеков заңдар мен кодекстерге енгізілетін түзетулер мемлекеттік корпорация қызметкерлерін заңсыз әрекеттерден шектеп, азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталғанын айтты.

"Заң жобасы мемлекеттік қызметтерді тікелей көрсететін және қолжетімділігі шектелген деректермен жұмыс істейтін қызметкерлерді мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестіруді, Қылмыстық Кодекс пен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңға өзгерістер енгізуді көздейді. Яғни, мемлекеттік корпорацияның аталмыш санаттағы қызметкерлері заң бұзған жағдайда мемлекеттік қызметкерлер арқалайтын жауапкершілікке тартылмақ", - дейді депутат.

Қарапайым тілмен айтсақ, азаматтардың дербес деректері қолында тұрған корпорация қызметкерлері мәліметтерді бөгде адамдарға берсе немесе жеке басының пайдасына қолданса, шенеунік ретінде жазаға тартылады. Бірақ бұл аталған санаттағы қызметкерлердің мәртебесі мемлекеттік қызметкерлермен теңестіріледі деген сөз емес. Яғни, заң бұзса шенеуніктерше жазаланады, басқа кезде шенеуніктер пайдаланатын жеңілдіктер мен басымдықтарды пайдалана алмайды.

Депутат Мұрат Әбенов заңды бұлай күрделендіріп, ХҚКО қызметкерлерінің жұмысын қиындатқанша, бірден мемлекеттік қызметкер мәртебесін берген тиімді деген ұсыныс айтты. Жұмыс тобының өкілі Д.Исабеков бұл ұсынысты әлі талқылауға болатынын айтып құтылды.

Тағы бір депутат Сергей Пономарев соңғы кезде қазақстандықтардың дербес деректерінің шетелдік сайттар мен телеграм-боттарда өріп жүргеніне халыққа қызмет көрсету орталықтарының маңайын торуылдап жүретін пысықайлардың да "үлесі" бар екенін айтып, мәселе көтергендей көрінген. Бірақ сауалының аяғы ұсынысқа ұласты.

"ХҚКО-лар жұмыс істей бастаған кезден бері төңірегінде "көмектескіш пысықайлардың" тұтас институты қалыптасты. Олар ресми жұмысқа алынбаған және білім-білігі ресми расталмаған. Ондай адамдардың құжаттар рәсімдеуге көмектесуі қарабайыр жемқорлық фактілерінен бөлек азаматтардың дербес деректерінің ұрлану қатерін туындатады. Өйткені олар азаматтардың электронды цифрлық қолтаңбасына қол жеткізеді", - деді Сергей Пономарев.

Цирфлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов бұл ұсынысты жақсы қабылдады.

"Мәжіліс ақылы қызметтер құруға мүмкіндік беретін нормалар қабылдаса, уәкілетті орган ретінде ондай қызметтердің сапасы мен ашықтығын қамтамасыз етуге дайынбыз. Ол үшін биометрикалық біріздендіру, "көмектесушілердің" есебін жүргізу, көрсетілген қызметтердің есебін жүргізу тетіктері іске қосылады", - деді ол.

Алайда Сергей Пономаревтың ұсынысы әріптесі Әділ Жұбановқа ұнамай қалды.

"Халыққа ақылы қызмет көрсететін болса, атауын мемлекеттік коммуналдық корпорация деп өзгерте салмайсыздар ма? Азаматтарға арналған үкімет бола тұрып оның жанынан ақылы қызмет сервисін ашу қаншалықты дұрыс?", - деп шүйлікті депутат.

Бұл сұраққа жауап берген Әсет Тұрысов ақылы қызмет электронды мемлекеттік қызметті өз бетімен рәсімдей алмағандарға көрсетілетінін, сауаты мен жүйкесі жеткен адам ешкімнің көмегінсіз, өзі-ақ бұл қызметтерді тегін алатынын ежіктеп түсіндірді.

Данабек Исабеков бұл ХҚКО-ның қаржылық жағдайын жақсартуға сеп болады дегенді қайта-қайта айтты. Қисынға салсақ, мемлекет ақысыз көрсететін қызметті ешкім еріккеннен барып пысықайлардан ақшаға сатып алмайды. Демек, мемлекеттік органдардың халыққа электронды түрде көрсететін қызметі қазақстандықтардың бәріне жаппай қолжетімді емес деген сөз. Біреудің қолында интернетке кіріп, құжат ресімдейтіндей ыңғайлы техникасы жоқ болуы мүмкін. Тағы бір адамның ауылында интернет болмаса ше? Аудан орталығына арнайы келіп, өз бетімен бітіре алмаған соң қайта сабылып келмеу үшін пысықайлардың көмегіне жүгінуге мәжбүр болады. Цифрлық сауатсыздық ауыл баласы мен қала баласының арасында алшақтық туғызып, сына қағып жатқанын кейбір сарапшылар айтудай-ақ айтып жүр. Министрлік осы олқылықтардың орнын толтырып, электронды мемлекеттік қызметті жетілдірудің орнына пысықайлардың қызметін заңдастыра салу оңай шешім деп отырса керек. Сергей Пономаревтың ұсынысын вице-министрдің бас шұлғи құптағанын соған жорыдық.

Данабек Исабеков айтқандай, күні ертең пысықайлардың заңдастырылған ақылы қызметінен ХҚКО-ларға қомақты кіріс түсіп жатса, қызметтерді тегін алу тетіктері қолдан қиындатылып жүрмей ме деген сұрақ туындайды.

Мәжіліс депутаты Юлия Кучинская салмағы бұдан кем түспейтін тағы бір мәселені көтерді.

"ХҚКО мамандары ауқымды көлемдегі деректер базасына қол жеткізіп отыр. Азаматтардың соттылығы, борыштары мен міндеттемелері, мүлкі туралы мәліметтерді біле алады. Дербес деректерді үшінші тұлғаларға берумен байланысты жемқорлық фактілері БАҚ-та да жарияланып жатады. Заң жобасы сондайларға жауапкершілікті күшейте ме?", - деп сұрады ол.

Мүлік туралы мәліметтер дегенде бұрынғы Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішевтің сұхбаты еске түседі. ХҚКО-да жұмыс істейтін екі бойжеткен Азаматтарға арналған үкімет порталындағы деректерге қолы жетіп тұрғанын пайдаланып, басында несиесі, мойнында соттылығы жоқ, иелігінде пәтер мен қымбат көлігі бар, басы бос жігіттердің тізімін жасап, солардың арасынан ықтимал күйеу жігіттерді іріктейді. Кейін олардың әлеуметтік желідегі аккаунттары арқылы бос уақыттарын қайда өткізетінін анықтайды. Тапқыр қыздардың бұл айласы пайдаға асып, бір жылдың ішінде екеуі де сәтті тұрмыс құрады.

Вице-министр Әсет Тұрысов ұсынылып отырған заң жобасы мұндай жайттардың алдын алуға мүмкіндік береді дегенді айтты.

Өзге әріптестерінің бірі цифрлық сауаты аз отандастарының қамын ойлап, тағы бірі ХҚКО қызметкерлерінің мәртебесін көтерейік деп жатса, депутат Ерболат Саурықов өз қара басының қиындығын ортаға салды.

"Ресей мен Беларустың лауазымды, жария тұлғалары туралы деректердің ашық базасы" дейтін сайт бар. Сол тізімнің ішінде осында отырған барлық депутаттар мен оларлың туған-туысқандарының деректері тұр. Менің ЖСН-ім мен бүкіл туған-туысқандарымның мәліметі сонда тұр. Осылардың бәрі қылмыстық топтардың қолына түсіп кетпеу үшін не істеп жатырсыздар?", - деді ол.

Әсет Тұрысов ондай сайттың бар екенін бірінші рет естіп тұрса керек.

"ҰҚК-мен бірге тексеруге дайынбыз. Сіз өтініш берсеңіз, ол сайтты қарастырамыз", - дейді Цифрлық дамуға жауапты министрдің орынбасары.