Туды бір реттік қолданыстағы заттарға бейнелеуге болмайды – министр

0
1 220

​Мемлекеттік туды майлықтарға және басқа да бірреттік қолданыстағы заттарға, киімге, төсек-орын жабдығына пайдалануға болмайды.


Туды бір реттік қолданыстағы заттарға бейнелеуге болмайды – министр

ERNUR.KZ. Қазақстанның мемлекеттік туын бір реттік қолданыстағы заттарға бейнелеуге болмайды. Бұл туралы мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мәлімдеді, деп sputnik.kz.

"Мемлекеттік туды майлықтарға және басқа да бірреттік қолданыстағы заттарға, киімге, төсек-орын жабдығына бейнелеп, пайдалануға болмайды", - деді Райымқұлова орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Министр бүгінгі таңда мемлекеттік ту тек спортшылардың формасында қолданылатынын атап өтті.

"Сонымен қатар, туды дұрыс орнату өте маңызды. Ол жерге, еденге, суға тиіп тұрмауы тиіс. Оны кірлетуге, былғауға және жыртуға жол берілмейді. Мемлекеттік туға сурет салуға және жазуға да тыйым салынады", - деп түсіндірді ведомство басшысы.

Еске салсақ, қазақстандықтарға мемлекеттік туды үйлердің қасбеті мен балкондарға ілуге рұқсат етілді. Үй-жайларда пайдаланылатын мемлекеттік ту ұлттық стандартқа сәйкес келуі тиіс. Жеке және заңды тұлғалардың туды ұлттық стандарттардың талаптарын бұза отырып пайдалануына жол берілмейді. Стандарттарға сай келмеген ту ауыстырылады немесе жойылады.

Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік туы ресми түрде 1992 жылы қабылданды. Оның авторы – белгілі суретші Шәкен Ниязбеков.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы – ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында тік жолақ түрінде ұлттық өрнек нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес. Тудың ені мен ұзындығының арақатынасы – 1:2.