Тұрағұлдың сүйегі Шымкенттегі қорғасын зауытының астында жатыр

0
3 374

Тұраш ағам 1934 жылы 6 наурыз күні, 59 жасында қайтыс болды. Шымкент қаласының орталығындағы мұсылман зиратына жерленді. Кейін сол зираттың үстінен химзавод салыныпты. Завод салынар алдында Тұраш ағаның сүйегін алатын жанашыр жақыны болмай, завод астында қалды.


Тұрағұлдың сүйегі Шымкенттегі қорғасын зауытының астында жатыр

Фото: ашықдерекөзден

ERNUR.KZ. Абайдың ұлы Тұрағұлдың сүйегі Шымкенттегі қорғасын зауытының астында қалған, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі Түркістан облыстық саяси қуғын сүргін құрбандары мұражайы директорының орынбасары Гүлмира Серікбаеваның таратқан ақпаратына сілтеме жасап.

-Абайдың ұлы Тұрағұл Шымкентке келіп көз жұмған. Тұрағұлдың сүйегі қазіргі Қорғасын зауытының астында қалған. Сол Тұрағұлдың жалғызы Гүлбаданның туған қызы Айгүл Мүштарқызы Шымкент қаласында тұрады, дейді музей директорының орынбасары Гүлмира Серікбаева.

Тұрағұлдың зираты жайында қызы Мәкен: «Тұраш ағам 1934 жылы 6 наурыз күні, 59 жасында қайтыс болды. Шымкент қаласының орталығындағы мұсылман зиратына жерленді. Кейін сол зираттың үстінен химзавод салыныпты. Завод салынар алдында Тұраш ағаның сүйегін алатын жанашыр жақыны болмай, завод астында қалды. Ол кезде біз Шымкенттен ауысып, басқа жаққа кеткен болатынбыз», – деп жазады.

Турағұл Ибрагимов (1876-1934) - Абайдың екінші әйелі Әйгерімнен туған баласы, ақын, аудармашы. Жасында ауыл молдасынан оқып, сауат ашқан. Кейіннен өздігінен ізденіп орысша, арабша оқып, білімін жетілдірген.

  • Турағұл 1904 жылы Күшік-тобықты еліне болыс болып сайланып, 1905 жылы өз арызы бойынша болыстықтан босатылған. 1916 жылы болыс сайлауында Шыңғыс елінің болысы Біләл Құнанбаевқа кандидат болып сайланған.
  • 1917-20 жылы ол Семей өңіріндегі алаш қозғалысына белсене араласып, әр түрлі жауапты қызметтер атқарған.
  • Турағұл бала жасынан әкесінің қолында тәрбиеленген. Сондықтан да Абайдың әрбір өлеңі қай кезде қалай жазылғанын және кімге арналғанын жақсы білген.
  • Кәкітай Ысқақұлымен бірге 1909 жылы Абайдың тұңғыш өлеңдер жинағын Петербургте бастырып шығарған.
  • 1927 жылы Қазақ АССР білім комиссариатына тапсырған толық қолжазба жинақтың ғылыми құндылығы аса жоғары дерек көздері болып табылады. Турағұлдың соңғы аталған еңбегі бүгінде Қазақстан Республикасының мемлекетінің Орталық музейінде сақтаулы.

Турағұлдың Абай мұрасын жинастырып бастыруда аса құнды мағлұматтар жазып, ақын шығармаларының текстология әуелгі түпнұсқаны қалпына келтіруде абайтану ғылымына үлесі зор. Ол М.О.Әуезовқа «Әкем туралы» деген көлемді естелік жазып берген.

Турағұлдың Абай туралы естеліктерінің қысқаша нұсқасы 1933, 1940 жылы Абай шығармалары жинағында, баспасөз беттерінде жарияланған. Турағұл ақындықпен қатар домбыра, скрипкада шебер ойнаған. Оның қызы, әнші Мәкен әкесінен үйренген Абайдың 17 әнін нотаға жаздырған.

Ол А.М.Горькийдің «Челкаш» әңгімесін тұңғыш рет қазақ тіліне аударып («Таң» журналы, 1924, №3,4) бастырған. А.Неверовтың «Мен өмірге жерікпін» (Москва, 1927), Джек Лондонның «Балалық туралы ертегі» (1927) және «Балалы әйел не білу керек» (Москва,1927) деген ғылыми- медициналық кітапшаны аударып, бастырып шығарған.

  • Турағұлдың өз ағасы Әбдірахманға арнаған тағы басқа өлеңдері Абайдың мемлекіттік қорық-музейі қорында сақтаулы.