Күнгей өлкенің пейнеткеш тұрғындары бұл саланы да игеріп жатыр.
Елімізде 2021 жылдан бері «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвер» деп аталатын ұлттық жоба басталып, бүгінде барлық аймақ жан-жақты даму үстінде. Соның ішінде әр өңірдің табиғи және климаттық ерекшеліктеріне байланысты ауыл шаруашылығы саласын түрлі бағытта өркендету жолға қойылған. Мәселен, қазір Түркістан облысында балық шаруашылығына айрықша назар аударылып, күнгей өлкенің пейнеткеш тұрғындары бұл саланы да игеріп жатыр.
Бұл тұрғыда, облыс басшысының тапсырмасымен өңір аумағында іске асырылатын балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы да бекітіліп берілген. Тиісінше, бүгінде аталған салаға ден қойған кәсіпкерлер түрлі жеңілдіктер мен субсидияға ие болып жатыр. Соның арқасында Түркістан өңірінде жүзге тарта тоғанды балық өндірісі іске қосылыпты. Сонымен бірге жалпы 15 мың тоннан өнім өндіруге күші жететін жеті зауыт жұмысын бастаған. Тіпті, өңірде тұрғылықты жерінде ағын су болмаса да, үйіргелік жерде балық өсіріп отырғандар бар.
Мәселен, солардың бірі Отырар ауданына қарасты Талапты ауылында ашылған «RAN» шаруа қожалығы. Үш қана адаммен кәсібін дөңгелетіп отырған шаруашылық жұмысты биыл бастаса да, жобаға жалпы 12 миллион теңгеге жұмсап, 4 бассейннен жиырма тонна балық алуды көздеп отыр. Тоғанға балықтың бірнеше түрін жіберген олар келер жылы тағы он алты бассейн салып, өнім көлемін жүз тоннаға жеткізбек ниетте.
Сонымен қатар балық шаруашылығын дамыту мақсатында облыс аумағындағы жүзден астам су айдынының сексен алтысы кәсіп бастаймын деген азаматтарға үлестіріліп, қазір екі жүз жиырма субъекті балық өсірумен айналысуда. Нәтижесінде өңір балықшылары он айда 2500-тоннаға жуық балық өнімін дайындап, оның сексен пайызы шет мемлекеттерге саудаланыпты. Ал, жалпы облыста биыл төрт мың тоннадан астам балық өсірілген. Осы ретте бюджеттен бес жүз миллион теңге қарастырылып, отыздан астам шаруашылыққа субсидия берілген. Бұл тұрғыда балық шаруашылығымен айналысамын деп ниеттенген азаматтарға барлық қолдауды үлестіріп жүрген – облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы екенідігін атап өткеніміз жөн.
Енді сөз тізгінін Түркістан облысындағы балық шаруашылығына сүбелі үлес қосып жүрген шаруашылықтарға бұрайық. Мәселен үш жүздің басы қосылған Ордабасы ауданындағы «Алина» деп аталатын субъекті бұл салада алты жылдан бері қызмет етіп келе жатыр екен. Кәсіптерін африкалық жайын балығын өсіріп бастаған шаруашылық қазір дөңмаңдай, беломур, карп, сазан секілді бірнеше балық түрінен пайда табуға ден қойған. Шаруа қожалықтың бас маманы Данияр Рахымжановтың айтуынша, мұндағы алты тоғанда екі жүз мың лақа шабағы және он мыңға тарта өзге балық шабақтары өсіріліп жатыр. Бір ерекшелігі – бұл кәсіпорын шабақ дайындаудан тауарды сатуға дейінгі жұмыстың барлығын өздері атқара береді екен. Ал жыл сайын алатын бес жүз тоннаға жуық өнімдерін жергілікті нарық пен экспортқа жөнелтетін көрінеді.
«Ендігі кезекте өсірілген балықты тереңірек өңдеп, өнім түрін көбейтуді және шаруашылыққа қажетті ресурстар шығаруды көздеп отырмыз. Одан бөлек дамыған технологияны өндіріске енгізу арқылы бір жылда балықтың салмағын қалыпты екі келіден алты келіге дейін көбейтпекпіз. Ал мемлекет тарапынан кәсіпке кететін жем шығынына отыз пайыз көмек алып келеміз. Соның арқасында бұрын балық саласын меңгерген мамандар тапшы болатын болса, қазір едуір көбеіп жатыр», - дейді ол.
Сансыз бабтар мекені, кәсіпкерлік қайнап тұрған Саурам ауданындағы Тоған ауылында орналасқан «Көмеш балық» шаруашылығы болса 2017 жылдан бері осы салада тер төгіп жатыр. 250 гектардан астам аумақты алып жатқан шаруашылықта шамамен отыздан аса жұмысшы еңбек етеді. Бұл кәсіпорынның басқалардан бір артықшылығы – мұнда шабақ дайындап, балық өсіруден бөлек, аталық және аналық балықтар да бағылады екен. Жыл сайын жеті жүз-сегіз жүз тонна өнім шығаратын шаруа қожалық озық технологиялармен, қызметкерлерге арналған үй-жаймен және кәсіпкер керекті барша құрал-жабдықпен қамтамасыз етілген.
Ал, өңірдегі балық өндіруден көш бастап тұрған шағалалы Шардара өлкесінде жылына тоғыз мың тоннаға жуық балық өнімдерін әзірлеуге мүмкіндік беретін бес зауыт жұмыс істеп келеді. Атап өтер болсақ, 2016 жылы іске қосылған «ЖК Жалғасбаев» кәсіпорны балық өнімдерін қатырып, Еуропа мен ТМД аумағындағы алыс-жақын мемлекеттерге жөнелтіп келеді. Елуге тарта тұрғын жұмыс істейтін өндіріс орнында биылғы үш тоқсанда бес жүз тонна балық өнімі дайындалған. Ал, 2006 жылы ашылып, екі жүз елуден аса азамат еңбек етіп жатқан «Хамит» кооперативі балықты вакуумдау, кептіру, ыстау, тұздау әдістерімен алты мың тонна өнім шығарады. Сонымен бірге төрт жыл бұрын іске қосылған «Болашақ» кәсіпорнында үш жүз, «VITA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде үш жүз елу тонна балық өнімдері әзірленеді екен.
Бүгінде таулы аймақ – Түлкібас ауданында да балық шаруашылығына білек сыбана кіріскендердің саны көбейіп жатыр.2023 жылдың өзінде аудан көлемінде екі жасанды көлде жұмыс басталған. Олардың бірі – «Эко Балық» шаруашылығы үш гектар аумаққа екі жасанды тоған қазып, су алпыс тонна шабақ жіберсе, Мұрат Парманов есімді жеке кәсіпкер жалға көл алып, жүз елу мың дана шабақ өсіріп келеді. Ал, Машаттағы «Жеті үй» кәсіпорны алғашқы өнімін 2024 жылы саудалап, өндіріс аймағынан демалыс орнын ашпақ. Жалпы, қазір бұл өлкеде он төрт шаруашылық балық өсірумен айналысады.
Тиісінше, ел Үкіметі де қол қусырып отырмай, балық бағамын дегендерге барынша қолдау көрсетіп жатыр. Бұл жайында айтып берген «Арал–Сырдария» облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының мамандарының сөзіне сүйенсек, қазір шаруашылыққа қажетті техника алуға жиырма бес, жем шығынын өтеу мақсатында отыз, аталық пен аналықты бағу, шабақты алу мен биологиялық негіздеме даярлауға елу пайыз көлемінде субсидия тағайындалады.
Олардың айтуынша, осыдан үш жыл бұрын Үкіметтің тапсырмасымен Балық шаруашылығы комитеті құрылып, «2021-2030 жылдарға арналған балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы» дайындалған. Аталған бағдарламада көрсетілгендей осы онжылдық ақталғанша Түркістан облысындағы балық өндірісі көлемі жиырма мың тоннаға жетуі тиіс. Сәйкесінше, Түркістан өңірі қазір балық өндіруден республика көлемінде алдыңғы қатарды иеленген.
Одан бөлек, бірер жылдың жүзінде облыстың әрбір тұрғыны жыл сайын он алты келі балық тұтына алатындай деңгейге жету жоспарланыпты. Тиісінше келе жылы инвесторлар тарту арқылы жыл сайын он мың тонна балық жемін шығаратын екі зауыт ашу көзделіп отыр.
Бауыржан Мейірханұлы,