"Түркия жағалауларымен бәсекелесуіміз керек": Даниал Ахметов Алакөлге барды

0
750

Алакөлдің шығыс жағалауы туристерді 13 маусымнан бастап қабылдай бастайды.


ERNUR.KZ. ШҚО әкімі Даниал Ахметов жұмыс сапарымен Алакөлге барып, туристік маусымның ашылу қарсаңында қауіпсіздік шаралары бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысымен тағы бір танысып шықты, деп жазады Алтайньюс.


Естеріңізге сала кетейік, Алакөлдің шығыс жағалауы туристерді 13 маусымнан бастап қабылдай бастайды.
Биылғы маусымның өзгешелігі коронавирус инфекциясына байланысты демалушылардың қауіпсіздігі, денсаулығына басымдылық берілуінде. Себебі мұндағы қыдыру-демалу және жағалау аймақтары тығыз орналасқандықтан, инфекция жұқтырып алу мүмкіндігі де жоғары.

Сондықтан Алакөлге жағасына өту үшін алдымен жылжымалы медициналық пункт арқылы экспресс тесттен өтуіңіз керек. Қазірдің өзінде курортты аймаққа 2 пункт қойылған. Алдағы уақытты қосымша тағы 2 жылжымалы медпункт әкелінеді. Індеттің алдын алу жұмыстары тәулік бойы тоқтамайтындығын да естеріңізге сала кетейік.


Облыс әкімі Даниал Ахметов посттың айналасы орталықтандырылған «Сергек» камераларымен жабдықталатынын айтты.


-Бұл жерден ешкімді тексермей өткізуге болмайды. Медициналық бекеттердің маңызы жоғары, сондықтан талап өте қатаң болады, - деді әкім.


Сонымен бірге аймақ басшысы Алакөлдегі туризм саласында жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлерге биылдан бастап қызмет көрсету сапасын жаңа деңгейге көтеру керектігін айтты.


-Алакөлдегі туризм сапасын орташа әлемдік стандарттарға көтеріп, Түркия жағалауларымен бәсекелесуіміз керек, деді Даниал Ахметов.