Түрмеден шығып арақ ішкендер қайта қамалатын болады

0
2 139

​Шартты түрде мерзімінен бұрын босап шыққандар, дұрыс жолға түспей, арақ ішетін болса, қайта түрмеге тоғытылатын болады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.


Түрмеден шығып арақ ішкендер қайта қамалатын болады

Шартты түрде мерзімінен бұрын босап шыққандар, дұрыс жолға түспей, арақ ішетін болса, қайта түрмеге тоғытылатын болады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Бүгін мәжіліс депутаттары кейбір заңнамалық актілерге ішкі істер органдарының қызметін жетілдіру мәселелері бойынша заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Осы құжатқа сәйкес, адамдар мас күйінде жасайтын құқық бұзушылықтардың алдын алудың қосымша әдістері қарастырылып отыр. Тарқатып айтсақ, шартты түрде мерзімінен бұрын босап шыққан адамдарға алкогольді ішімдік ішуге толық тыйым салынбақшы.

"Темір тордың ар жағындағы өзінің үлгілі тәртібінің арқасында шартты түрде мерзімінен бұрын босап шығатындар бар. Олар бостандыққа шыққан соң белгілі бір уақыт жазасы біткенше, заңда көрсетілген нормаларды сақтауы керек", — деп түсіндірді отырыстан кейін ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан Тұрғымбаев журналистерге.

Мәселен, шартты түрде босап шыққандарға түнде үйден шығуға, тиісті органдардың рұқсатынсыз ел аумағынан кетуге болмайды.

"Осы жерге біз тағы бір норма енгізіп жатырмыз. Яғни, ол ішімдік ішпеуі керек. Егер спирттік ішімдік ішіп қойса, ол қайта сот арқылы колонияға қайтарылады", — деді вице-министр.

Дегенмен, шартты бұзғандар бірден түрмеге тоғытылмайды. Ең алдымен учаскелік инспектор екі рет ескерту жасайды. Егер ол ескертуге құлақ аспаса, сот оны темір тордың ар жағына қайта жіберу мәселесін қарайтын болады.

Учаскелік полицей адамның арақ ішкенін-ішпегенін сараптама жасап анықтайды. Мысалы, көршілерден түскен шағым оны тексеруге себеп болуы мүмкін. Тұрғымбаев атап өткендей, "ешкім ешкімді аңдып, ізіне түспейді".