Түрмеге қамаймын деп қорқытқан: Ақтаудың бас судьясы жұмыстан босатылды

0
1 142

Ақтау қалалық соты төрағасының міндетін Гүлмаржан Әділсұлтани уақытша атқарады.


Түрмеге қамаймын деп қорқытқан: Ақтаудың бас судьясы жұмыстан босатылды

ERNUR.KZ. Ақтау қалалық сотының төрағасы Мәлік Кенжалиев сот тәртібіне қайшы келетін әрекет жасағаны үшін қызметінен босатылды, деп жазады tengrinews.kz.

2019 жылы 7 ақпанда тәртіптік сот алқасының комиссиясының отырысы нәтижесінде Мәлік Кенжалиевті қалалық сот төрағасы қызметінен босатып, судья өкілдігін тоқтату шешімі шығарылды.

Портал мәліметінше, комиссия Каспий теңізінің жағалауында коттедж салу кезінде Мәлік Кенжалиев жұмыс бригадасын (Өзбекстан азаматтарын) жалдағанын анықтады. Сол жұмыс үшін ол 3,6 миллион теңге беретін болып уәде берген. Сот төрағасы соманың жартысын 1,8 миллион теңгені төлеп, екі жыл бойы ақшаны қайтармай жүрген.

"Бригадир Мәлік Кенжалиевке бірнеше рет телефон арқылы және SMS-хабарлама арқылы қалған соманы қайтаруға өтініш білдірген, бірақ, облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлағандай, бұрынғы төраға ақша қайтарудан жалтарып, балағат сөздер айтып, бригадирді түрмеге қамаймын деп қорқытқан", - делінген "Лада" порталының мақаласында.

"Судья әдебі кодексінің 1-бабына сәйкес, судья өзінің антына адал болуға, әдеп нормаларын мүлтіксіз сақтауға тиіс. Судья сот билігінің беделін төмендетіп, судьяның беделіне нұқсан келтіруі мүмкін кез келген істерден - әрекеттерден аулақ болуға тиіс", - деді облыстық сот баспасөз қызметінің өкілдері.

Маңғыстау облыстық сот төрағасының өкімімен Ақтау қалалық соты төрағасының міндетін Гүлмаржан Әділсұлтани уақытша атқарады.