Тұрмыстық жанжал кезінде ер адаммен бірге әйелін де 15 күнге жабу керек – депутат

0
430

Депутат Амантай Жарқынбек кеше мәжілісте тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі талқыланғаннан кейін еркектермен қоса әйелдерді де 15 күнге қамау керек деп айтқан болатын.


Тұрмыстық жанжал кезінде ер адаммен бірге әйелін де 15 күнге жабу керек – депутат

ERNUR.KZ. 26 қыркүйекте мәжілісте тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі талқыланып, депутат Амантай Жарқынбек ер адамдарға қарсы жауапкершілікті күшейтуден пайда жоқ деген болатын. Бүгін ол айтқан сөзіне түсінік берді, деп жазады stan.kz.

Депутат Амантай Жарқынбек кеше мәжілісте тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі талқыланғаннан кейін еркектермен қоса әйелдерді де 15 күнге қамау керек деп айтқан болатын.

“Қазақта намыс, ұят деген бар. "Мені қаматып тастаған әйелдің қасына барғанша, өлгенім артық" дейтін ер адамдар шығады. Ондай азаматтар біздің қоғамда өте көп. Біздің заңда арандатушы деген ұғым бар. Осы тұрғыда әйел адамда да мойнына жауапкершілік қойылуы керек. Ер азаматты 15 күнге оқшаулап жабу керек пе, кінәлі деп табылса, сонымен бірге әйелін де жеке жабу керек деп ойлаймын. Өйткені отбасына түскен жауапкершілікті теңдей бөлсе, отбасын шайқалтқан жауапкершілік те бірдей болуы керек. Сонда біз көп мәселені тізгіндей аламыз", - дейді ол.

Ал бүгін депутат мәжіліс отырысынан кейін "15 күнге міндетті түрде қамасын деген жоқпын" деп ақталды.

“Бұл жерде жауапкершілік отбасының екі мүшесінде де қатар болуы керек деп айттым. Мысалы, ер адамға бір шара қолданылса, әйел адамға да сол шара қолданылуы керек деген контекстпен шыққан дүние болатын. Сондықтан, мен бұл заңды қолдаймын. Отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсымын. Бәріміз де отбасын ұстап отырмыз. Балалы-шағалымыз. Ер азамат ретінде әйеліне қол көтермек түгілі дауыс көтеретін азаматтарды сыйламаймын. Бірақ отбасын сақтап қалу үшін, жас отбасылардың бірден ажырасып кетуінің алдын алу үшін біз жан-жақты құқықтық және психологиялық көмекті мектеп кезінен бастау керек деп айттым. Мектептен балалар отбасының құндылығын, қасиетін ұғынуы тиіс. Бала-шағаның, өзінің тағдыры жатқанын сезінетін жүйе ұсындым", - дейді ол.

"Сонда 15 күнге жабуды ұсынғаныңыз рас қой?" деп журналистер сұрақты нақтылады.

“Шынымен жанжал болса нашақор немесе ішкілікке салынған адам болса, ондай жағдайда, әрине, ер азаматы кінәлі болса, 15 тәулікке жабу керек”, – деді ол.