ТЖК өрт сөндіру мен санитарлық қызмет үшін шетелден 4 тікұшақ сатып алуды көздеп отыр

0
1 365

Қазіргі уақытта «Қазавиақұтқару» қызметінде барлығы 27 әуе кемесі бар.


ТЖК өрт сөндіру мен санитарлық қызмет үшін шетелден 4 тікұшақ сатып алуды көздеп отыр

иллюстрациялық фото: ашықдереккөзден

ERNUR.KZ. ҚР Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккердің айтуынша, тікұшақтардың алғашқы төртеуі 2020 жылдың соңына қарай Қазақстанға әкелінуі керек, деп жазады ҚазАқпарат.

«Орман өрттерін ескерту, сөндіру жұмысына негізінен Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті жауапты. Бізде бюджеттер әртүрлі. Оларда «Қазақ авиациямен орман қорғау және орман шаруашылығына қызмет көрсету базасы» РМКК деген ұйым бар. Менің білуімше, оларға авиациялық-патрульдік жұмыс үшін, авиациялық техниканы тарта отырып, өртті сөндіру үшін 3,2 млрд теңге бөлінеді. Олар конкурс өткізіп, келісімдерге келеді. Ал бізге қарасты «Қазавиақұтқару» АҚ-тың республикада екі ғана бөлімі бар. Олардың бірі Ақмола, екіншісі Алматы облысында. Біз биыл орман өртін сөндіруге бірінші жыл көмек қолын созып отырған жоқпыз. Естеріңізде болса, Бурабайда өрт болған кезде біз МИ-26 тікұшағын жібергенбіз. Ақмола облысындағы Шортандыда да тікұшақ жөнелттік», - деді Владимир Беккер елордада өткен баспасөз мәслихатында.

Комитет төрағасының есептеуінше, өрт тіркелген Павлодар облысында да тікұшақ болуы керек. Себебі, қарағайлы аумақта өрттің қаупі жоғары. Екіншіден, ол жақта бір аумақтан екінші аумаққа суды жеткізу жағынан да мәселе жоқ емес.

«Бізде ТЖК-да МИ-8, МИ-171 секілді ауыр үш борт бар. Бірі Өскеменде, екіншісі Алматыда, үшіншісі Нұр-Сұлтанда тұр. Павлодар облысына неліктен Өскеменнен тікұшақ жеткізілді? Себебі, менің есептеуімше, Нұр-Сұлтаннан бортты апаруға асықпау керек, өйткені Бурабайда да өрт шығу қаупі бар. Сондай-ақ, Атырауда бір тікұшақ бар. Ол тікұшақ Каспий теңізін басып ұша алады. Апатты жағдайда ол су үстінде де қонуға бейім», - деді ол.

Владимир Беккер сонымен бірге, дәл бүгін бюджеттік комиссияның кезекті отырысы өткенін айтты.

«Отырыста біздің қызметті әуе кемелерімен – МИ және Еурокоптер тікұшақтарымен толықтыру мәселесі мақұлданды. Келесі жылға алғашқы төрт тікұшақ үшін алдын ала 6,7 млрд теңге бөлінгелі отыр. Яғни, осы қаражатқа МИ-8, МИ-171 тікұшақтары мен екі жеңіл Еурокоптер тікұшағы сатылып алынады. 2020 жылдың соңына қарай алғашқы тікұшақтарды қолға тиіп қалар деп отырмыз. 2020 жылы бюджетке тағы 4 ауыр тікұшақты сатып аларлық ұсыныс білдірмекпіз. Яғни, аумағымыздың үлкендігін ескере отырып, әр облыста бір тікұшақ болуы керек деп есептеймін. Ол тікұшақтар өрт сөндіруге ғана емес, санитарлық қызмет үшін де пайдаланылатын болады. Қазіргі уақытта «Қазавиақұтқару» қызметінде барлығы 27 әуе кемесі бар», - деді Владимир Беккер.

Еске сала кетсек, Баянауыл ұлттық паркіндегі алапат өрттің ауыздықталғаны бүгін таңертең хабарланған болатын. Оқыс оқиғадан ешкім зардап шекпеген.

Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов мен облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Ернұр Өтегенов өрт шыққан орынды тікұшақпен аралап шықты. ТЖК бұған дейін Баянауылдағы өрт елді мекендерге қауіп төндіргенін жария еткен.