Қазіргі уақытта Министрліктің командалық орталығында тәулік бойы жедел топ жұмыс істейді.
ERNUR.KZ. Еліміздің ТЖМ өрт қаупі бар кезеңі басталысымен әкімдіктер және басқа да уәкілетті органдармен бірлесіп, табиғи өрттердің алдын алу және халықты қорғау жұмысын белсенді жүргізуде. Осы кезең қауіпсіз өтуі үшін бірқатар шара қабылданды. Экология министрлігімен бірлесіп, ведомствоаралық жоспар бекітілді. Шекаралас мемлекеттермен табиғи өрттерге ден қою алгоритмдері пысықталды. ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Ерлан Төрегелдиевтің ОКҚ брифингінде хабарлауынша, әр облыста аумақты тазарту және жырту жұмыстары жүргізіліп, орман-дала алқаптарында профилактика басталды.
Қазіргі уақытта Министрліктің командалық орталығында тәулік бойы жедел топ жұмыс істейді.
«Былтырғыдай, өрт ошақтарының алдын алуға және ерте анықтауға басты назар аударылады. «Орман» және «Табиғат» ақпараттық жүйелері, орман шаруашылықтарының бейнебақылау деректері, космомониторинг және геожүйе арқылы өрт жағдайына мониторинг жүргізіледі. Қазіргі уақытта орманды аймақтарда тікұшақпен кезекшілік ұйымдастырылды. Қорғаныс министрлігі, Ұлттық ұлан және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тікұшақтарын тарту алгоритмі бекітілді. Қауіпті аймақтарда ұшу аппараттары қолданылуда. Ахуалды аэровизуалды бақылау үшін күнделікті жүргізіледі. Министрліктің әуе тобы күшейтіледі», – деді спикер.
Мамыр айында орман аймағында авиацияны тарта отырып, республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу, сондай-ақ өрт сөндіру бекеттері мен ерікті құралымдары бар өрт-тактикалық оқу-жаттығулар өтеді. Ауылдық аудандарды қорғау деңгейін арттыру үшін «Ауыл құтқарушылары» ведомстволық бағдарламасы іске қосылды. Красная поляна, Қызылсуат, Жарсуат, Мәтібұлақ және Глуховка ауылдарында жаңа форматта 5 өрт сөндіру бекеті ашылды. Олар қажетті техника және жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Бүгінде 34 табиғи өрт және 405 қураған шөп өрті тіркелген. Табиғи өрттердің негізгі себептері адами факторға байланысты, атап айтқанда – құрғақ өсімдіктерді рұқсатсыз жағу және отты абайсызда пайдалану. Сондықтан БАҚ-да, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде арнайы ақпараттық науқандар басталды. Түсіндіру әңгімелері, мектептердегі қауіпсіздік сабақтары және басқа да акциялар өткізілуде. Полиция және әкімдіктермен бірлесіп, рейдтер мен патрульдер ұйымдастырылды. 400 жүзден астам адам жауапкершілікке тартылды.
ТЖМ өкілі халықты өрт қауіпсіздігінің қарапайым ережелерін сақтауға шақырды. Яғни, ормандарда және ашық жерлерде от жақпай, шөп пен қоқысты күйдірмеген жөн. Сөндірілмеген темекі тұқылдарын тастауға тыйым салынған. Ал, өрт болған жағдайда 101 немесе 112 телефоны бойынша дереу хабарлау керек.