Үкімет әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру жоспарын қабылдады

0
646

Кез келген жоспар, бірінші кезекте, халықтың табысын арттыруға бағытталуға тиіс, деді Смайылов.


Үкімет әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру жоспарын қабылдады

ERNUR.KZ. Қазақстан үкіметі әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру жөніндегі жедел іс-қимыл жоспарын мақұлдады, деп жазады sputnik.kz.

Жоспарда қауіпсіздікке, азаматтар мен бизнес субъектілерін жан-жақты қолдауға және елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды тез арада тұрақтандыруға арналған бірқатар шұғыл және қысқа мерзімді шаралар қарастырылған.

"Жоспарды іске асыру барысында, бірінші кезекте, қаза тапқан азаматтардың отбасылары мен зардап шеккендерге көмек көрсетіледі. Сондай-ақ күштік құрылымдар мен азаматтық қорғау органдарының қызметкерлеріне тиісті мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Жоспардағы ішкі істер министрлігіне қатысты тармақтардың барлығы өте маңызды әрі олар сапалы және жедел орындалуға тиіс", - деді Смайылов үкімет отырысында.

Премьер жаппай тәртіпсіздік салдарынан зардап шеккен азаматтар мен заңды тұлғалардың банктен алған қарыздары мен микрокредиттерін өтеу мерзімі төтенше жағдай аяқталғанша шегерілгенін еске салды.

"Атамекен" кәсіпкерлер палатасы бүлік кезінде тоналған бизнес субъектілердің тізімін жасады. Жаппай тәртіпсіздік салдарын жою жөніндегі үкіметтік және өңірлік комиссиялар жұмысын аяқтағаннан кейін республикалық және жергілікті бюджеттерден шығынды өтеу үшін тиісті қаражат бөлінеді", - деді ол.

Сонымен қатар, бизнеске түскен ауыртпалықты азайту үшін 2022 жылдың 1 ақпанына дейін мемлекеттік кіріс органдарының салықтық және кедендік тексерістері мен камералдық бақылау хабарламаларын беру уақытша тоқтатылады.

Бұдан бөлек, Смайылов "Атамекен" палатасымен бірге Халықтың табысын арттыру бағдарламасын әзірлеу жоспарланып отырғанын атап өтті.

"Біз үшін ең басты мақсат – халықтың табысын арттыру. Кез келген жоспар, кез келген бағдарлама бірінші кезекте, халықтың табысын арттыруға бағытталуға тиіс. Басқарудың барлық деңгейінде жұмыстың тиімділігі дәл осы көрсеткіш бойынша бағаланады", - деді үкімет басшысы.

Смайылов мемлекеттік органдардың бірінші басшылары мен әкімдерге жоспардағы іс-шаралардың орындалуын жеке бақылауға алуды тапсырды.