«Адамдар Мемлекет басшысының алға қойған әрбір тапсырмасының маңыздылығын және оны іске асыру кезеңдерін түсінуі керек», — деді Бақытжан Сағынтаев.
Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаевтың төрағалығымен Президент Әкімшілігінің басшысы Ә. Исекешевтің қатысуымен Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Қазақстан халқына арнаған Жолдауында аталған тапсырмаларды орындау мәселелері бойынша ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев отырысты аша отырып, Мемлекет басшысының бүгін жарияланған Жолдауы халық арасында үлкен қолдауға ие болып жатқанын айтты. Үкіметтің негізгі міндеті — таяу келешекте аталған міндеттерді іске асыру; өңірлерге бөлінетін қаражаттардың жеткілікті көлемі; қажетті шешімдерді жылдам қабылдау. Халық бүгін аталған тапсырмалардың орындалуын күтпеуі керек, халық атқарылған жұмыстың нәтижесін көруі керек.
ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Ә. Исекешев Мемлекет басшысы өз Жолдауында Үкімет қызметінің басты басымдығы ретінде қазақстандықтардың әл-ауқатын анықтағанын еске салды. Ол екі құрамдауыштан тұрады: халық кірісінің өсімі мен әлеуметтік қызметтер сапасынан, өмір сүруге жайлы орта мен қауіпсіздіктен тұратын өмір сапасының артуы. Бұдан өзге, Президент қыс мезгіліне, егін жинау науқанына, азық-түлік өнімдері мен көмір бағасының негізсіз өсу жағдайына және қоғамдық-саяси жағдайдан көрінетін қазақстандықтардың көңіл-күйіне қатысты басқа да мәселелерді бақылауда ұстайтын болады.
Өз кезегінде бейінді үкімет мүшелері Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді іске асыру жөніндегі жоспарлары туралы баяндады.
Кірістер деңгейін арттыру
Ең алдымен халық кірісінің деңгейін арттыру шаралары қабылданады. Мәселен, 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төмен жалақы 1,5 есеге арттырылып, 28 мың теңгеден 42,5 теңгені құрайтын болады. Бұның нәтижесінде 1,3 млн азаматтың еңбекақысы өседі. Бұдан өзге, 275 мың азаматтық қызметкердің еңбекақысы орта есеппен 35%-ға арттырылады. Бұл білім беру және денсаулық сақтау саласының қызметкерлері.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі М. Әбілқасымова Мемлекет басшысының ең төмен жалақы мөлшерін 1,5 есеге 42,5 мың теңгеге дейін арттыру бойынша тапсырмасын орындау мақсатында 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап «2019–2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР заңының жобасына тиісті өзгерістер енгізілетінін айтты.
«Ең төменгі жалақы мөлшерін айқындау әдістемесі өзгеретін болады, ол ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланыспайды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап бюджеттік ұйымдарда жұмыс істейтін 275 мың азаматтық қызметкердің еңбекақысы арттырылады. Олар үшін жалақы өсімі орта есеппен 35% құрайды», — деді М. Әбілқасымова.
Бұдан өзге, ең төменгі жалақының артуына байланысты жұмыспен қамтылған халықтың салық жүктемесі азайып, барлық жалдамалы жұмыскерлердің табысынан салықтық шегерімдер ұлғаяды. 6 млн-нан астам жалдамалы қызметкердің салық жүктемесі төмендетіледі.
Жалпы алғанда, ең төменгі жалақының өсуі экономиканың барлық секторларында төмен жалақы алатын 1,3 млн адамның еңбекақысының өсуіне әкеледі.
Білім беру сапасын арттыру
Аталған салаларда жұмсалатын шығындардың тиімділігін арттыруға ден қоя отырып, білім беру мен денсаулық сақтауды мемлекеттік қолдау шараларын кеңейту жөніндегі жұмыстар жалғасады. Президент 5 жыл ішінде білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларына барлық көздерден жұмсалатын қаражатты ішкі жалпы өнімнің 7,4%-дан 10%-ға дейін жеткізу туралы міндет қойды. Бұдан өзге, педагогтердің мәртебесін арттыру, жаңа мектептер салу, сондай-ақ, учаскелік медицина қызметкерлерінің еңбекақысын 20%-ға біртіндеп арттыру, денсаулық сақтау саласын цифрландыру және Астанада жаңа ғылыми онкологиялық орталықты салу шаралары қабылданады.
Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мектеп және мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсарту үшін ҚР БҒМ әкімдіктермен бірлесе отырып, мектепке дейінгі білім беретін тәрбиешілердің біліктілігін арттыру және бірыңғай біліктілік талаптарын енгізуді қамтитын Жол картасын дайындайтынын айтты.
«Мектепте бұл іс басталып кетті. Биыл ұлттық біліктілік сынағы енгізілді. Аттестациялау нәтижесінде 34 мыңнан астам мектеп мұғалімі сәйкес біліктілік санаттарына ие болды. Бұл ұстаздарға қосымша төлем 2018 жылдың 1 қыркүйегінен бастап төленіп жатыр. Жалпы, қосымша төлем мұғалім санатына қарай 30%-дан 50% аралығында өзгереді», — деді білім және ғылым министрі.
Білім беру саласы кесте бойынша халықаралық стандарттарға көшіп жатыр. 2019–2020 жылдары барлық бағалау жүйесі PISA, SAT, AST стандарттарына көшірілмек.
Бұдан өзге, мектептердегі оқушы орнының тапшылығын азайту жұмысы жалғасын табады. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мектептер мен балабақшаларды 100% бейнебақылау камераларымен қамту шаралары қолға алынады. Шамамен 4 мың бейнебақылау камерасы сатып алынбақ.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Педагог мәртебесі туралы» заң әзірленеді. Заңда педагогтың әлеуметтік мәртебесін көтеретін стимулдар, оқу жүктемесін азайту, қажетсіз тексерістерді азайту мәселелері көрініс табады. Сондай-ақ, Е. Сағадиев жоғары оқу орындарында оқыту сапасына қойылатын талаптар әрі қарай күшейетінін жеткізді.
Медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру
Медициналық қызметтерді ұсынудың маңызды буыны — емханалар мен амбулаториялар деңгейіндегі алғашқы көмек.
Денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов халыққа медициналық қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында барлық учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысы сатылай 20%-ға артатынын айтты. Яғни, бұл — 10 мыңнан аса учаскелік дәрігер мен 30 мың медбикенің жалақысы жаңа әдістерді меңгеру деңгейіне қарай келесі жылдың соңына дейін өседі деген сөз. Бұл мақсатқа 5 млрд теңге бөлінеді. Бұл медициналық көмектің сапасын жақсартуға, негізгі аурулар кезінде асқынулар мен ауруханаға жатқызу санын азайтуға, сондай-ақ балалар мен жүкті әйелдерге сапалы медкөмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, биыл қағазсыз денсаулық сақтау жүйесіне көшу бойынша пилоттық жоба аяқталуда. Жоба пилоттық ұйымдардың 92%-ында жүзеге асты. Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық емханалар мен ауруханалар толығымен қағазсыз медициналық құжаттармен жұмыс істейтін болады. Бұдан басқа, 2020 жылға қарай халықтың 100%-ы электронды паспортпен қамтылады.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Астанадағы Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың жаңа тұжырымдамасы әзірленді. Орталық құрылысы Астанадағы қолданыстағы медициналық кластер нысандарының бірінде тұрғызылмақ. Бұл орталықты болашақта Медицина мектебі мен Назарбаев университетінің ғылыми орталықтарымен интеграциялауға мүмкіндік береді. Онда онкологиялық ауруларды анықтау мен емдеуге, оның ішінде ядролық медицинада, протон терапиясында, радиохирургияда, жасушалық иммунотерапияда қолданылатын заманауи технологияның бәрі болмақ. Құрылыс жұмыстары биыл басталады.
Индустрияландырудың жаңа жолдары
Мемлекет басшысының азаматтардың әл-ауқатын жақсарту жөніндегі тапсырмалары тікелей жалақыны өсірумен ғана шектелмейді. Мультипликативтік әсер есебінен экономикалық өсімнің болуы да халықтың атаулы табысының өсуіне ықпал етеді. Осылайша, Үкімет ұзақмерзімді перспективада ЖІӨ өсімінің негізгі құрамдас бөлігі ретінде шикізаттық емес экспортты дамытуға қосымша ынталандыруды қамтамасыз етеді. Өңдеу өнеркәсібінің экспортқа бағытталған тиімді өндірушілерін мақсатты қолдауға көшу жүзеге асырылатын болады.
Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек экономикаға қосылған құнды одан әрі ұлғайту, экспортқа бағытталған өндірістік процестерді арттыру, адам әлеуетін және өмір сүру сапасын жақсартып, аймақтық және жаһандық тұрғыда ел экономикасының интеграциялануы жайлы баяндады.
Индустрияландыру жұмысын жандандыру үшін қысқа және ұзақ мерзімді жаңа тәсілдер жасалды. Тауарлардың шығарылған қоржынын одан әрі «күрделендіру» және сыртқы нарықтарға шығу ауқымын кеңейту басты басымдық болмақ. Өнеркәсіпті «цифрлық дәуірге» дайындау үшін қажетті инфрақұрылым мен стандарттар, «модельдік зауыттар» құрылады. Өнеркәсіпті цифрландыру біздің кәсіпорындардың өнімділігі мен бәсекеге қабілеттілігінің негізгі құраушыларының бірі болады. Сондай-ақ, экспорттаушыларға кешенді қаржылық және жалпылай қолдау көрсету ісі нығаяды. Алдағы үш жылда бұл мақсатқа 500 млрд теңге бөлінеді.
Экспортты қолдаудан күтілетін әсерлер арасында: шикізаттық емес экспорттың 2022 жылға дейін 1,5 есе өсуі, 2022 жылға қарай шикізаттық емес экспорттың ЖІӨ-нің өсуіне жылдық үлесі 5 п.т. дейін ұлғаяды, сондай-ақ экспортқа бағытталған кәсіпорындар санының өсуі (450-ге дейін).
Сапалы және қолжетімді тұрғын үй
Президент Жолдауында айтылған тұрғын үй құрылысын дамытуды қолдау туралы тапсырмаларын орындау көптеген азаматтарға өздерінің өмір сүру жағдайларын едәуір жақсартуға мүмкіндік береді және ел экономикасын дамытуға қосымша серпін береді. Бұл — жаңа жұмыс орындарының құрылуы және құрылыс саласының дамуы, отандық индустрия және тиісті салалардың дамуы (жиһаз, тұрмыстық техника, жабдықтар шығару).
Сапалы және қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында алдағы бес жылда 650 мыңнан астам (76,6 млн шаршы м) тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Бұл — шамамен 2 млн адамды тұрғын үймен қамтамасыз етеді.
Алдағы бес жылда «7–20–25» бағдарламасы аясында шамамен 103 мың адам тұрғын үй иесі атануы мүмкін. Осы бағдарлама аясында әкімдіктерге жергілікті бюджеттен бастапқы жарналарды ішінара субсидиялау механизмін әзірлеу тапсырылды. Яғни, жас отбасылар мен бюджеттік саланың қызметкерлеріне бастапқы жарнаның жартысын өтеу үшін әлеуметтік көмек көрсетіледі.
Бұдан басқа, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» жүйесі арқылы 71 мың әскери және құқық қорғау органдары қызметкерлерін үймен қамтамасыз етуге арнайы ипотекалық бағдарлама іске қосылды.
Министр Ж. Қасымбектің айтуынша, мемлекеттік қаражатқа 20 мың жалға берілетін және 56 мың несиелік тұрғын үй салынады. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының алға қойған міндеттерін жүзеге асыру үшін Үкімет жалға берілетін тұрғын үй құрылысын қаржыландыруды 25 млрд теңгеден 35 млрд теңгеге дейін ұлғайтады.
Сондай-ақ, Үкімет салынып жатқан үйлерді желілерге қосу үшін инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымға 100 млрд теңгеге дейін қаржы салу мәселесін қарастыруда. Бөлінген қаражат ауылдардың 80%-ын сапалы сумен қамтамасыз етеді және ауыл халқының өмір сүру сапасын жақсартады.
Бизнес және инвестициялық ахуалды жақсарту
Үкімет Мемлекет басшысының бизнес-ортаны жақсартуға байланысты тапсырмаларын толық әрі уақытылы орындау жөнінде шаралар қабылдайды.
Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Үкімет отырысы барысында «Бизнестің жол картасы–2020» мемлекеттік бағдарламасын одан әрі іске асыру үшін жыл сайын шағын және орта бизнесті дамыту аясында қосымша 30 млрд тг қарастырылатын болады деді. Қазірге дейін 4 мың жобаны қамтитын жаңа пул жасалды. Субсидиялар тікелей «Даму» КДҚ операторы арқылы берілетін болады.
Жаңа жобаларды қолдау қосымша 22 мыңға жуық жұмыс орнын құруға және 3 трлн теңгеге өнім шығаруға мүмкіндік береді.
Т. Сүлейменовтың айтуынша, бәсекелестікті дамыту мен монополияға қарсы жұмыс бойынша ТКШ тұрғысынан ұсыныстар Парламент қарауында жатқан (ҚР ИДМ заң жобасы) ТКШ мәселелері жөніндегі заң жобасы аясында іске асырылады. ҚР ҰЭМ көлеңкелі айналымды жоюға қатысты ERP-жүйелерді және «кэшбектерді» пайдалану, қолма-қол ақшасыз төлемдерді ескермеу бойынша бірқатар түзетулер әзірледі. Жыл соңына дейін бизнес ортаны дамыту мен сауда қызметін реттеуді жетілдіру жөніндегі заң жобасы аясында шағын және орта бизнес үшін «салық амнистиясын» жүргізу бойынша қажетті өзгерістер ескерілетін болады.
Агроөнеркәсіп кешенін дамыту
Үкімет Мемлекет басшысының еңбек өнімділігін және өңделген өнім экспортын 2,5 есеге арттыру туралы тапсырмаларын орындау бойынша жұмыстарды қолға алды. Осылайша, Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың өзектілендірілген мемлекеттік бағдарламасы аясында саланың бәсекеге қабілеттілігін арттыру және оны технологиялық қайта жарақтау бойынша қажетті шаралар қабылданатын болады. Осы мақсаттарға қосымша жыл сайын кемінде 100 млрд теңге бөлініп отырады, бұл агроөнеркәсіптік кешен алдына қойылған міндеттерді толық іске асыруға мүмкіндік береді.
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев Мемлекет басшысының Жолдауындағы бастамалар мемлекеттің агросектордағы рөлін жаңа сапалы деңгейге шығаратынын атап өтті.
«Бүгінде мемлекет тарапынан агросекторды мемлекеттік қолдау іс жүзінде бюджетте қарастырылған қаржылардан тұрады – 240 млрд теңге және көктемгі егіс жұмыстарына – 60 млрд теңге. Бүгін Мемлекет басшысы Үкіметке жыл сайын республикалық бюджеттен 100 млрд теңге және Ұлттық банктен бөлінетін 600 млрд теңгеден ауыл шаруашылығы квотасына 200 млрд теңге бөлуді тапсырды. Яғни, ауыл шаруашылығы саласына көрсетілетін мемлекеттік қолдау екі есеге артуда», — деді Ө. Шөкеев.
Ө. Шөкеев енді АШМ алдында тұрған міндет осы қаражаттарды тиімді пайдаланып, басқа ресурстардың секторға жұмылуының қозғаушы күші ретінде әрекет етуінде екенін атап өтті. Яғни, осы 300 млрд теңге АӨК саласына көптеп қаражат тартуы керек. Бұл үшін Мәжіліс депутаттарымен бірге жаңа қаржы құралдарын қарастыратын заңнамалық актілерге түзетулер әзірленді. Бұл — аграрлық қолхаттарды енгізу, аграрлық сақтандыруды жетілдіру, сондай-ақ кредиттік серіктестіктер жүйесін дамыту. Осы құралдарды іске асыру үшін заңнамалық актілерге енгізілетін өзгерістер пакеті қалыптастырылды. Ол қазіргі уақытта Парламент Мәжілісінің қарауында. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша аталған заң жобасын жылдың соңына дейін қабылдау жоспарланып отыр.
Субсидиялау жүйесін өзгертуге қатысты жұмыстар жүргізіледі. Тиімсіз субсидиялар қысқартылады. Ал қалған субсидиялар барынша жеңілдетіліп, жылдың соңына дейін толық автоматтандырылады. Реформалау қорытындысы бойынша 54 субсидияның орнына 34 субсидия түрі қалады.
Аграрлық ғылым мен білімді бизнестің қажеттіліктеріне бағыттай отырып, реформалау және технологияларды трансферттеу шаралары қолға алынды. Үш бағытта жұмыс істеліп жатыр, олар – білім, ғылым және білім тарату жүйесі. Аграрлық білім берудің сапасын жақсарту мақсатында үш аграрлық оқу орны білікті мамандар даярлау ісіне жұмылдырылып жатыр. Оларға Назарбаев университетінің үлгісімен әлемдік озық жоғары оқу орындарының стандарттары енгізіледі және шетелдік оқу орындарының франшизалары тартылады.
Нәтижесінде АӨК субъектілерін1,5-2%-дан 20-25%-ға дейін қамту көзделген.
Өңірлерді тұрақты дамыту
Мемлекет басшысы елімізді аумақтық дамытудың жаңа тәсілдерін енгізуді тапсырды.
ҚР ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменов атап өткендей, қазіргі уақытта Министрлік Экономикалық зерттеулер институтымен, сондай-ақ белгілі ғалымдар тобымен бірлесіп, әлемдік тәжірибені зерделей отырып, еліміздің аумақтық-кеңістіктік ұйымдастырылуын жетілдіру жөнінде талдамалық зерттеу жүргізіп жатыр.
Аталған зерттеу еліміздің 2030 жылға дейінгі аумақтық-кеңістіктік дамуының жаңа болжамды схемасын әзірлеуге негіз болмақ. Ол 2019 жылғы 1 қыркүйекке дейін Президент Әкімшілігінің қарауына жіберілетін болады. Болжамды схеманы сапалы іске асыру үшін 2019 жылғы 1 қарашаға дейін Өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі жаңа бағдарламасы әзірленетін болады.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын ескере отырып, жергілікті инфрақұрылымды дамыту басымдық болмақ: энергиямен жабдықтау, сумен жабдықтау және су тарту, жергілікті жолдар. 2018 жылы республикалық бюджеттен осы мақсаттарға 332 млрд теңге бөлінді. Өңірлерді дамыту бағдарламасын жүзеге асыру нәтижесінде қалаларда орталықтандырылған сумен жабдықтау – 100%, ауылдардағы орталықтандырылған сумен жабдықтау – 80%-ды құрайтын болады.
Аумақтық дамудың жаңа тәсілдері қалалар мен шалғай аудандардағы өмір сүру сапасын арттырады, сондай-ақ өңірлік экономиканың дамуын ынталандырады.
Президенттің тапсырмаларын қаржылық қамтамасыз ету
Ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменов Ұлттық экономика министрлігінде Жолдауда айтылған міндеттерді орындауға қажетті, оны іс жүзінде жүзеге асырудың, қаржылық қамтамасыз етудің тетіктері және заңнамалық шараларға қатысты нақты жоспары бар екенін атап өтті. Соған орай, Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық жоспарды әзірлеу жұмыстары басталды.
Өз кезегінде қаржы министрі Ә. Смайылов білім беру мен денсаулық сақтау салаларын осы салаларда шығындардың тиімділігін арттыруға баса көңіл бөле отырып, мемлекеттік қолдауды кеңейту бойынша жұмыстар жалғасатынын айтты. Бес жыл ішінде барлық қаржы көздерінен білім беру мен денсаулық сақтауға шығындарды ЖІӨ-нен 7,4%-дан 10%-ға дейін арттыру міндеті жүктелді. Ең төменгі жалақы көлемін өсіруді іске асыруға жыл сайын 96,3 млрд теңге бағытталатын болады. Оның ішінде 85,8 млрд теңге тікелей 275 мың азаматтық қызметкердің жалақысын көтеруге жұмсалады. Ал 10,4 млрд теңгесі — салықтық шегерулердің артуына байланысты өңірлердің табыс бөлігінің шығындарының орнын толтыруға бағытталады. Олар ЖАО-ға мақсатты трансферттер түрінде жеткізіледі. Нәтижесінде, жалпы экономика бойынша жалақыны өсірумен 1,3 млн адам қамтылады. Өңдеу өнеркәсібі мен экспортты қосымша қаржыландыру 500 млрд теңге көлемінде іске асырылады. ШОБ-ты дамытуды мемлекеттік қаржылық қолдаудың жалпы көлемі 2019–2021 жж. 206,4 млрд теңгені құрайды.
«Үш жылдық бюджет аясында білімге жұмсалатын шығындарды биыл 456,3 млрд теңгеден 2021 жылы 752,1 млрд теңгеге дейін немесе 65%-ға арттыру жоспарланып отыр. Осы кезеңде денсаулық сақтауға жұмсалатын шығындарды 24%-ға, 1076,2 млрд теңгеден 1339,1 млрд теңгеге дейін өсіру көзделген», — деді Ә. Смайылов.
Мемлекет басшысының салық заңнамасының бұзылуы жөніндегі қылмыстық жауапкершіліктің қолданылу шегі бойынша тапсырмасын орындау үшін Қылмыстық кодекстің 3-бабына заңды тұлғалардың бюджетке 20 000 АЕК (48,1 млн тг) бастап 50 000 АЕК (120,2 млн тг) дейінгі көлемдегі салықты және/немесе басқа да міндетті төлемдерді төлеуден жалтаруынан болған зардаптың шекті деңгейін көтеру бойынша өзгерістер енгізілетін болады. Қаржы министрі атап өткендей, салық амнистиясы бойынша Мемлекет басшысы 01.01.2019 ж. бастап шағын және орта бизнес үшін «салық амнистиясын» жүргізуге кірісуді тапсырды.
Осылайша, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауды қаржылай қамтамасыз етуге бюджеттік мүмкіндіктер есептелді. Шығыстардың басқа бағыттарын және бұған дейін қабылданған мемлекеттік міндеттемелерді оңтайландыру қажет емес. Алдағы үш жылда 1 триллион 226 млрд тг қаражат бағытталады.
Ұлттық банк төрағасы Д. Ақышев өз баяндамасында Ұлттық банктің бүгін ҚР Президентінің Жолдауында айтылған барлық тапсырмаларды орындайтынына сендірді.
«Ұлттық банк Мемлекет басшысының барлық тапсырмаларын орындайды және бағаның тұрақтылығы мен қаржы нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін бар күш-жігерін салады. Инфляцияның төмендеуі – бұл несие бойынша мөлшерлемлерді төмендету, халықтың нақты табысын көтеру және экономикадағы барлық шығындарды төмендету үшін басты фактор. Үкіметтің, Ұлттық банк пен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен жұмысы биыл инфляцияны белгіленген мақсатты дәлізде ұстап тұруға мүмкіндік береді деп санаймыз», — деді Д. Ақышев.
Ұлттық банк төрағасы бағаның өсуіне жол бермеу бойынша жоспарланып отырған шаралар туралы баяндады. Сонымен қатар Д. Ақышев Ұлттық банк «7–20–25» бағдарламасын іске асыру белсенділігін ұлғайтып жатқанын жеткізді. Бағдарлама іске асырыла бастаған екі айдың ішінде банктер 25 млрд теңгеге несиелерді мақұлдаған. Президентке баяндалғандай, қазірге дейін азаматтардың 2 мыңнан астам өтінімі мақұлданды.
Отырыс барысында ішкі істер министрі Қ. Қасымов ІІМ жүйесін реформалау жоспарлары туралы баяндады.
Ұйымдастырушылық-штаттық құрылымды оңтайландыру, басқарушылық артық буынды және жекелеген басшылық лауазымдарды қысқарту жұмыстары басталды.
«Жеке құрамның штат саны қайта қаралатын болады, оларды 10%-ға қысқартуды жоспарлап отырмыз, бұл шамамен 9000 полиция және 1600 – ҚАЖК. Бюджет қаражатының қалыптасқан үнемін қызметкерлердің лауазымдық жалақыларын арттыруға пайдаланамыз», — деді Қ. Қасымов.
Ішкі істер министрінің айтуынша, сондай-ақ жол-патрульдік полициясының саптық бөліністері қызметкерлерінің, учаскелік полиция инспекторларының және кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік инспекторлардың тұрғын үйді жалға алуы үшін өтемақы төлеуді қарастыру қажет.
Бұдан өзге, реформалау аясында: ІІМ-ді өзіне тән емес функциялардан босату, қылмыстық-атқару жүйесін жаңғырту, азаматтық қорғау органдары құрылымын жетілдіру бойынша шараларды іске асыру көзделген. Бұл жерде мемлекеттік мекемелердің санын 54-тен 20-ға дейін оңтайландыру жоспарда бар. Сапаны арттыру мақсатында ведомстволық білім беру жүйесін реформалау және кадрларды іріктеу жүйесін қайта қарау жоспарланған.
«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы А. Мырзахметов отандық кәсіпкерлікті дамыту үшін қажетті жоспарлар мен жүйелік шаралар туралы, Президенттің жаңа Жолдауы аясында қазақстандық тауар өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігі мен экспорттық бағдарлануын арттыру шаралары жөнінде айтып берді.
Мәселені қарау қорытындысы бойынша Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев бірқатар нақты тапсырмалар берді. Осылайша, Жолдаудың барлық бағыттары бойынша іс-шаралардың жалпы ұлттық жоспары дайындалады. Ұлттық экономика министрлігіне Үкіметке Елбасы жолдауын іске асыру жөніндегі жалпы ұлттық іс-қимыл жоспарын бекіту туралы тиісті қаулы жобасын енгізу тапсырылды. Президенттің әрбір тапсырмасына жекелей жетекші тағайындалуы керек, оны іске асырудың нақты мерзімі белгіленіп, қатаң бақылау жасалуы керек.
Енді Мемлекет басшысының Жолдауын өңірлерде түсіндіру жұмыстары басталады. Бұдан өзге, 20 қазанға дейін Жолдауды ақпараттық қолдау мақсатында Үкімет мүшелерінің басшылығымен мемлекеттік органдардың және түрлі ұйымдардың өкілдерінен тұратын республикалық ақпараттық топтардың өңірлерге сапарлары жоспарланып отыр. Әкімдер ақпараттық топтармен кездесулерді өткізуге дайындық жүргізуі керек. Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, орталық және өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарында Жолдауға қатысты ақпараттарды жариялау тапсырылды.
«Адамдар Мемлекет басшысының алға қойған әрбір тапсырмасының маңыздылығын және оны іске асыру кезеңдерін түсінуі керек», — деді Бақытжан Сағынтаев.