Бұл депозитті ұлттық банктің өзінде ашуға болады.
ERNUR.KZ. Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев депозиттерге қатысты өзгерісті жариялады, деп жазады Sputnik Қазақстан.
Бас банкирдің сөзіне қарағанда, шетел валютасын ел ішінде ұстап отыру мақсатында екінші деңгейлі банктер үшін депозиттің жаңа түрі енгізіледі. Оны ұлттық банктің өзінде ашуға болады.
"Валюталық активтерді ел ішінде сақтауды ынталандыру үшін жаңа құрал ретінде 1 шілдеден бастап банктердің ұлттық банктегі валюталық депозиттері енгізіледі. Мұндай депозиттердің мерзімі – бір ай. Ал жылдық мөлшерлемесі 0,5 процентке дейін болады", - деді Досаев үкіметтің бүгінгі отырысында.
Оның айтуынша, кепілдік беру қоры ұсынған қазақстандық депозиттер бойынша ең жоғары мөлшерлеме өзгеріп отыр.
"Халықтың теңгедегі мерзімді емес депозиттері бойынша ұсынылған мөлшерлемені 2019 жылдың 1 шілдесінен бастап 10,5%-тен 9,8%-ке дейін төмендету туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар, биыл 1 маусымнан бастап он екі ай және одан жоғары мерзіммен шетел валютасындағы жинақ пен мерзімді депозиттер бойынша 2 процентке дейін көтерілді. Бұл шара банктердің міндеттемелерін ұзартуға бағытталған", - деп атап көрсетті Досаев.