Ұлттық банк теңге рубльге шаққанда не себепті арзандағанын түсіндірді

0
633

​Бүгінде ресейлік рубльге сұраныс артты. Мұны Қазақстанның қор биржасындағы сауда-саттық та көрсетіп отыр.


Ұлттық банк теңге рубльге шаққанда не себепті арзандағанын түсіндірді

ERNUR.KZ. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова теңгенің рубльге шаққанда бағамы не себепті әлсіреп қалғанын түсіндірді, деп жазады sputnik.kz.

"Биыл екінші тоқсанның ортасынан бастап теңгенің Ресей рубліне қатысты айырбастау бағамы біршама әлсіреді. Қазір бір рубль 5,98 - 6 теңге маңайында болып тұр. Ұлттық валютаның Ресей рубліне қатысты байқалып отырған әлсіреуі бірқатар объективті себептерге байланысты", - дейді Молдабекова.

Оның айтуынша, қазіргі кезде экономикалық белсенділік қайта жанданып, импорт көлемі өсіп келеді. Ал Ресейдің жалпы импорттағы үлесі 40,7 процентке жетті. Ол былтырғы ұқсас кезеңімен салыстырғанда 6,3 процентке артық.

"Қазір ресейлік тауарлардың импорты ұлғайып отыр. Биыл екінші тоқсанның қорытындысы бойынша өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда импорт 36,1 процентке ұлғайып, 4,2 миллиард АҚШ долларына жетті. Ал бірінші тоқсанда осы көрсеткіш 2,4 процент болған", - деп атап көрсетті Молдабекова.

Осылайша, Ресей тауарларының импортына артқан ішкі сұраныс теңгенің рубльге қатысты бағамының әлсіреуіне әкелді. Бүгінде ресейлік рубльге сұраныс артты. Оны Қазақстанның қор биржасындағы сауда-саттық та растап отыр. 2021 жылдың I тоқсанында сауда-саттықтың орташа көлемі бір айда 1,9 миллиард рубль болса, III тоқсанда бірден 5,2 млрд рубльге дейін көтерілді. Айырбастау пунктеріне баратын адамдардың саны да күрт өсті.

"Бүгінде кейбір елдер мұнай өндіру көлемін ұлғайтуды кешіктіріп жатыр. Мәселен, дүйсенбі күні Ангола, Нигерия мен Әзірбайжанда өндіруді ұлғайтудағы кідірістерге байланысты мұнайдың бағасы бір баррель үшін 86 доллардан асты. Газ баға жоғары болуы да рубльге оң әсер етіп отыр. Шетелдік инвесторлар Ресейдің борыш нарығына қызығушылық танытып отыр. Соңғы төрт айда бейрезиденттердің федералды қарыз облигацияларына құйған салым деңгейі артып, 2021 жылы қыркүйектің басында 21,4 процентке жетті", - деді банк төрағасының орынбасары.

Ұлттық Банк теңгенің рубльге қатысты паритетін таргеттемейтінін, рубль/теңге жұбының бағамы бұдан әрі де нарықтық жағдайларға байланысты қалыптасатынын да атап өткен жөн.