Ұлттық банк төрағасы инфляцияның өсуі тоқтағанын айтты

0
461

Мемлекет басшысының іске асырылып жатқан дағдарысқа қарсы бастамалары қысқа мерзімде ұлттық экономиканы пандемияға дейінгі деңгейге қайтаруға мүмкіндік берді.


Ұлттық банк төрағасы инфляцияның өсуі тоқтағанын айтты

ERNUR.KZ. Бұл туралы бүгін Сенатта Ұлттық банк төрағасы мәлім етті, деп жазады Ulysmedia.kz.

«Биылғы жылғы 10 айдың қорытындысы бойынша, мұнайдың орташа бағасы бір баррель үшін 70 АҚШ доллары болған кезде, Қазақстанның ішкі жалпы өнімінің өсуі 3,5% болды. Бұл серпін Қазақстан экономикасын дамытудың оптимистік сценарийіне сәйкес келіп, Ұлттық банк ішкі жалпы өнімнің 2021 жылы 3,7-4,0% деңгейінде өсуін күтеді», – деді Ерболат Досаев.

Ұлттық банк жетекшісі биылғы жылғы шілде-тамыз айларында ұзақ сақталатын көкөністер (картоп, сәбіз, қызылша) бағасының жаз айларына тән емес және соңғы жылдардағы рекордтық өсуі тіркелгенін растады. Ет (10,3%), өсімдік майы (54,2%) және қант (25,0%) бағасының өсуі де инфляцияны жеделдеткен.

«Қазақстанда азық-түлікке жатпайтын инфляция, бірінші кезекте, тұтынушылық белсенділіктің қалпына келуі аясында жанар-жағар май (17,0%-ға) және ұзақ пайдаланылатын тауарлар (киім-кешек - 6,1%, аяқ киім - 6,4%, жиһаз – 6,9%, тұрмыстық заттар - 8,5%, автомобильдер – 13,5%) бағасының өсуі нәтижесінде жылдамдады», – деп жеткізді ҰБ басшысы.

Ақылы қызметтерде негізінен электр энергиясы (8,6%), тұрғын үйді жалдау (18,5%) және көлік қызметтері (әуе көлігі – 8,7%) бағасы көтерілген.

Ұлттық банк экономикадағы сұраныстың өсуіне жауап ретінде дезинфляциялық ақша-кредит саясатын жүргізу шеңберінде базалық ставканы 9,0%-дан 9,75%-ға дейін үш рет көтергені белгілі. Осылайша, Ерболат Досаев, Үкімет пен Ұлттық Банктің үйлескен іс-қимылының нәтижесінде биылғы жылғы қазанда 6 ай жылдық инфляцияның жедел өсуі тоқтағанын айтты.

Үкімет азық-түлік бағаларын тұрақтандыру тұрғысында қабылданып жатқан шаралар нәтижесінде, оның ішінде тауар ағындарын бөлу, тұрақтандыру қорларын тиімді қалыптастыру және өнімді форвардтық сатып алу арқылы 2021 жылдың қорытындысы бойынша инфляцияны 8,5%-тен аспайтын деңгейде ұстауды жоспарлап отыр.