Оның айтуынша, 31 жастағы азаматшаның жігітімен ұрысқаннан кейін осындай жанкешті қадамға барғысы келгендігі анықталған.
ERNUR.KZ. Ұлттық ұлан әскери қызметшілері көпірден секірмек болған қызды құтқарды. Бұл туралы ҚР ІІМ баспасөз қызметінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек айтты, деп жазады ҚазАқпарат.
«Ұлттық ұлан 5573 әскери бөлімінің әскери қызметшілері Ерзат Нұрғалиев, Шон Қадұлрафик пен Фархад Апбазов Сарайшық көшесінің бойындағы көпірден суға секірмек болған азаматшаны байқайды. Қатардағы Ерзат Нұрғалиев жағдайды тез бағамдап, ысқырығымен дыбыстап қыздың назарын өздеріне аударады. Сол сәтте қасынан велосипедпен кетіп бара жатқан азамат не болып жатқанын түсініп, көпірдің шетінде тұрған қызды екі қолымен құшақтап ұстап қалады. Ұландық жауынгерлер де көпірге шығып, қызды қауіпсіз жерге шығарады. Оқиға орнына келген патрульдік топ бастығы Темірлан Рыстемір азаматшамен сөйлесіп, оны жұбата бастайды. Сондай-ақ полиция қызметкерлері мен жедел жәрдем шақыртады», - деді ол ведомствоның баспасөз қыметі алаңында өткен брифинг барысында.
Оның айтуынша, 31 жастағы азаматшаның жігітімен ұрысқаннан кейін осындай жанкешті қадамға барғысы келгендігі анықталған.
«Айта кету керек, қызға алғашқы медициналық көмек көрсетіліп жатқанда велосипедпен жүрген елордалық қарапайымдылық танытып, еш үндемей үйіне кетіп қалған. Осылайша оның кім екені анықталмады», - деді ІІМ өкілі.