Ұсақ ақша таппаған кондуктор ірі ақша берген жолаушымен жанжалдасып қалды (видео)

0
2 126

ERNUR.KZ. Кондукторларға қатысты дау әлі де басылар емес. Бірі зейнет жасындағы қарияны қоғамдық көліктен шығарып жіберсе, енді бірі жолаушыға қол көтеретінді де көрдік. Бұл жолы кондуктор жолақыға ірі ақша берген жолаушымен сөзге келіп қалды. Тіпті өз-өзін ұстай алмаған кондуктор жолаушы жігітке жекіп те сөйлейді.


Ұсақ ақша таппаған кондуктор ірі ақша берген жолаушымен жанжалдасып қалды (видео)

ERNUR.KZ. Кондукторларға қатысты дау әлі де басылар емес. Бірі зейнет жасындағы қарияны қоғамдық көліктен шығарып жіберсе, енді бірі жолаушыға қол көтеретінді де көрдік. Бұл жолы кондуктор жолақыға ірі ақша берген жолаушымен сөзге келіп қалды. Тіпті өз-өзін ұстай алмаған кондуктор жолаушы жігітке жекіп те сөйлейді. Оны наразы болған жолаушы видеоға түсіріп алған.

«Осы автобусқа мініп келе жатырсыз ба? Жолақыны төлеуге міндеттісіз» деген кондуктор қыздың сөзінен жолаушы оған ірі ақша бергенін байқауға болады. Алайда ол ақшаны майдалай алмағандықтан осылай дауыс көтеруге тура келгенге ұқсайды.

«Неге маған айқайлап отырсың, көкбет?» деп дөрекі сөйлейді жігіт. Мұнан соң өзін сабырға шақырып қыз жай сөзбен жігітке осы автобуста мініп келе жатқандықтан жолақыны төлеуге міндеттісіз деп тағы қайталайды. Ал жолаушы болса өзін ақша бергенін, кондуктор оны майдалай алмағанына кінәлі еместігін жеткізеді. Осы сәтте кондуктор автобус жүргізушісіне «Берді, бірақ майда жоқ. Енді ол сізге қалай да болсын төлеуге міндетті ғой, дұрыс па?» деп сұрақ қояды.

Видео желіде тез тарап, елдің қызу талқысына түсті. Бірі өрімдей жас қызды қолдап, жанашырлық танытты. Тіпті жігіттің әрекетіне шамданды.

«Осы қыздың орнына өз қарындасыңды қойып көр, балам. Қаншама жолаушы, қайсыбіріне тауып бере береді? Сол үшін ақшаны ұсақтап жүрген дұрыс қой», «Жігіт надан екен. Бұндай нәрселер сол жерде қалуы керек. Автобуспен жүрдің бе, майда ақша салып жүруің керек қалтаңа. Қыз жарайды, ашуға мініп эмоцияға беріліпті. Оны жария жасап, халықтың талқысына салу ұят нәрсе. Өзінің әпкесі, қарындасы бар шығар?!», «Ақшасы ірі болғанымен жігіт майда екен» деген желідегілердің кейбірі жолаушы азамат жолақыға ірі ақшаны әдейі берді деген күдігі барын жасырмады.

«Жігіт емессің бе? Майдалап жүр ақшаңды. Автобусқа мініп тұрсың, әдейі төлемеудің амалы. Жас қыз өз күнін өзі көріп жүр, қалтасынан төлемейтін шығар сен үшін?», «Ол қыз да ерігіп жүрген жоқ қой, қаншама адам мінеді. Жүйке де шаршайды. Мына жігіт тегін жүріп үйреніп қалған ғой. Әдейі ірі ақша беріп тұрған сияқты» деген пікір қалдырушыларға келесі бірі өз ойларын жеткізді. «Жүйкесі шаршаса демалсын. Үйінде отырсын. Оны ешкім зорлап сол жұмысқа тықпаған шығар? Қандай жұмыс болса да, өз қиындықтары бар. Сол себептен сабырлы болу керек» деген желідегілердің келесі бір тобы жолаушы азаматтың әрекеті дұрыс деп кесіп айтты.

«Әр адамның өз орны бар. Сондықтан ол қыз осындай жұмысты таңдады ма, сабырлы, әдепті болуы керек», «Жолаушыныңкі дұрыс. Ол ақшасын беріп тұр. Кондуктор жолақысын алып, қалған ақшасын қайтарып беруі қажет», «Жігіттің не кінәсі бар? Ірі ақша бергені үшін бе? Кондуктор кінәлі, айқайлауға қақысы жоқ жолаушыға», «Мынау қыз топас па? Айтыңдаршы, ақшасын беріп тұр ғой», «Жерден қазып тапса да майдалап беру – кондуктордың міндеті» деп жазды желідегілер.

Айта кетерлігі, қоғамдық көлік ішіндегі бұл жанжал еліміздің қай өңірінде болғаны нақты белгілі емес.

Видео: желіден алынды