Үш бала көз жұмған Атырау облысындағы өрттің мән-жайы

0
441

Балғындарды жұрт ауыл болып, 6 сағат бойы іздеген. Олар ойын ойнауға сұранып кеткен.


Үш бала көз жұмған Атырау облысындағы өрттің мән-жайы
Үш үйдің үш періштесі тілсіз жаудың құрбаны болды. Иісі қазақтың қабырғасын қайыстырған қайғылы жайт Махамбет ауданы Ортақшыл ауылындағы жер үйлердің бірінде болған, деп хабарлайды ERNUR.KZ Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
Балғындардың күйген денесін көршілері тапқан екен.
«Сағат беске дейін үйде болып, қасында екі бала келіп, апай жіберсіңізші деді. Жоқ жібермеймін деп едім, жоқ деп сұрап алды. Тек бір сағат ойнаймыз деп кетті. Жібергенім сол еді...», - дейді көз жұмған баланың әжесі Алтын Әбенова.



«Үш бала жоғалып кетті деген хабарлама келіп түскеннен кейін, іздестіру жұмыстары атқарылып жатқан кезде, жанып кеткен шөптің арасынан балалардың денесі табылған»,- дейді Облыстық ТЖД бастығының орынбасары Жасұлан Ақтаев.

Балғындарды жұрт ауыл болып, 6 сағат бойы іздеген.
«От дейтін 4-5 сағат жанды. Содан кейін барып жаңағы ауылдың бір кісісі айтты. Жаман айтпай, жақсы жоқ. Мына күлдің арасын қарадыңдар ма деп. Оған дейін вообще қарамадық. Ең болмаса жанайқайы шығатын еді ғой», - дейді балалардың бірінің әжесі Алтын Әбенова.
Қазір тиісті сараптамалар тағайындалып, істің мән-жайы анықталып жатыр. Бірақ, ауыл тұрғындарының өз болжамы да жоқ емес.
«Қолдарында бір күшік болған. Сөйтіп ойнап жүріп, анау күшіктен айырылып қалғанда, күшік шөптің арасына кіріп кеткен. Соның артынан үшеуі жорғалап кірген, 2-3 оқитын балалар ғой ес жоқ, қараңғы болғасын спичка жаққан. Спичка жаққанда анау лап етіп түскен де, балалар шыға алмай, сол жерде қалып қойған», - дейді Ортақшыл ауылының тұрғыны Әділбек Ызғалиев.
Ортақшыл ауылы ғана емес, үш отбасының қайғысына күллі қазақ елі ортақ. Бұл ретте, облыс әкімі қара жамылған отбасыларға көңіл білдіріп, тиісті материалдық көмек берілетінін хабарлады.