«Білім туралы» Заңға сәйкес лицензиясыз және аккредитациясыз жоғары оқу орындары диплом бере алмайды.
ERNUR.KZ. Қазақстандық аккредиттеу агенттіктері Орталық Азия университеті, Ақтау гуманитарлық-техникалық университеті (бұрынғы Қазақстан теңіз университеті) және «Астана» университетінің аккредиттеу туралы куәліктерін кері қайтарып алды, деп жазады inbusiness.kz.
Аккредиттеудің тәуелсіз қазақстандық орталығы Ақтау гуманитарлық-техникалық университеті мен «Астана» университетіне қабылдаған шешімі туралы ресми хат жіберді.
«Біздің ұйым оқу орындарының білім беру бағдарламаларын сараптап, сапа стандарттарына сәйкестігін анықтауға және оларға аккредитация беру жұмыстарына жауапты. Аталған екі жоғары оқу орны біздің сарапшыларымызды оқу ғимараттарына кіргізбей, аккредиттеуден кейін жүргізілетін мониторинг жұмыстарына кедергі жасады. Сондықтан біз олардың аккредитацияларын кері қайтарып алу туралы шешім қабылдадық», – деді «Аккредиттеудің тәуелсіз қазақстандық орталығы» коммерциялық емес ұйымның директоры Бегалы Халмұратов.
Айта кетейік, бұл жоғары оқу орындары бұған дейін Білім және ғылым министрлігінің өкілдеріне де жоспарлы тексерулер жүргізуге кедергі келтірген болатын. Жоспарлы тексеру жұмыстары болатыны туралы алдын ала хабардар болғанын ескеру қажет. Министрлік пен аталған жоғары оқу орындары арасындағы сот процедураларының жүргізіліп жатқанына бір жарым жыл болды. Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігі де (НААР/IAAR) аккредиттеуден кейінгі мониторинг қорытындысы бойынша Орталық Азия университетінің аккредитациясын кері қайтарып алды.
«Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігінің (IAAR) рәсімдеріне сәйкес білім беру ұйымдары аккредиттеуден кейінгі мониторингтен өтуге тиіс. Бұл мониторинг кезінде оқу орнына берілген ұсынымдардың орындалуы тексеріледі. Орталық Азия университеті аккредиттеуден кейінгі мониторинг рәсімінен өтуден бас тартты және IAAR ұсынымдарының орындалуы туралы есепті бермеді. Осыған сәйкес IAAR Аккредиттеу Кеңесі жоғары оқу орнының аккредиттеу туралы куәлігін қайтарып алу туралы шешім қабылдады» – деді «Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігі» коммерциялық емес ұйымның бас директоры Алина Жұмағұлова.
Сондай-ақ «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының адами капиталды дамыту департаментінің директоры Азамат Бейсенбенов жұмыс берушілер бұл жоғары оқу орындарының білім сапасына қанағаттанбайтынын атап өтті. Оқу орнында болашақ мамандарға білім мен кәсіби дағдылар қажетті деңгейде берілмейді.
«Бұл университетке қатысты біраз дүниені айтуға болады. Мысалы, жоғары оқу орындары бойынша жасалған 2020 жылғы рейтинг қорытындысын алып қарайық. Орталық Азия университетінің білім беру бағдарламаларының сапасы мен өзектілігіне жұмыс берушілердің қанағаттану көрсеткіші небәрі 32 пайызды құрайды. Сарапшылар жоғары оқу орны ұсынып отырған білім беру бағдарламалары айтарлықтай пысықтауды талап ететінін атап өтті. Университетте оқытылатын пәндердің мазмұны басқа пәндерден сөзбе-сөз көшірілген, айырмашылық тек пән атауларында. Мұндайға жол беруге болмайды. Орталық Азия университетіне қатысты қатаң шаралар қабылдау қажет», – деді «Атамекен» ҰКП департамент директоры Азамат Бейсенбенов.