«Ұшып келген шетелдіктердің басым бөлігі израильдіктер»: Тель-Авивтен Алматыға қанша азамат оралды

0
697

Ұшақ бортындағы жолаушылардың 124-і Қазақстанның азаматтары болса, қалған 42 адам шетелдік азамат.


«Ұшып келген шетелдіктердің басым бөлігі израильдіктер»: Тель-Авивтен Алматыға қанша азамат оралды

ERNUR.KZ. Соңғы бес күннен бері соғыс болып жатқан Израильден қазақстандықтарды алып шыққан ұшақтың экипаж мүшелері марапатқа ұсынылады. Қауіпті аймаққа тәуекелмен ұшағын жіберген отандық әуе компания түнде 166 жолаушыны аман-есен елге жеткізді, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Ұшақта әдетте екі экипажы болса, бұл жолы әуекомпания бірден таңдаулы деген төрт ұшқышты жіберген. Жолаушыларға қызмет көрсетуге ең тәжірибелі деген бортсеріктер таңдалған. Қауіпті жағдай туа қалғанда жоспар бойынша ұшудың балама жолы да қарастырылған. Қиян-кескі ұрыс жүріп жатқан елден қайтарда ұшақ Кипр, Түркия және Арменияның аумағы арқылы ұшып шыққан. Жеті сағатқа созылған сапардан соң Air Astana әуе компаниясының ұшағы Алматыға жергілікті уақыт бойынша түнгі 11:45-те қонды. Израильде қалып қойған туыстарына алаңдаған жолаушылар әуежайды басып қалды.

«Бәрі басталған кезде біз Тель-Авивке жақын, елдің солтүстігіндегі Рамат-Гана қаласында болдық. Атыс басталғанда өте қорқынышты болды. Біз 7 қазанда таңғы 6:30-да ояндық. Бұл күні бізде кері ұшуымыз керек еді, бірақ барлық рейстер тоқтатылды. Күн сайын сирена ойнап, дабыл қағылды. Израильде әрбір ескі үйлерде бомбадан қорғанатын орындар болса, жаңа үйлердің әрбір пәтерінде оқтан қорғанатын арнайы бөлме бар. Балам екеміз дабыл қосылғанда кем дегенде 15 минуттан бомбадан қорғанатын жерлерде отырдық. Өте қорқынышты болды. Елшіліктің бізді алып кетуге мүмкіндік бергеніне өте ризамыз», - деді елге оралған Рано Сапарова.

Әуекомпанияның бас ұшқышы Тель-Авивтен азаматтарды Алматыға эвакуациялау кезінде ешқандай төтенше жағдай тіркелмегенін айтты. Ұшақ бортындағы жолаушылардың 124-і Қазақстанның азаматтары болса, қалған 42 адам шетелдік азамат. Әуе компания өкілдерінің айтуынша, Қазақстанның ұшағына отыруға билет алған шетелдіктердің көбі еврейлер. Соғысып жатқан елдерін тастап шыққан израйильдіктер әуежайдың басқа есігінен шыққандықтан, олармен тілдесуге журналистерге мүмкіндік берілмеді.

«Жолаушылар елге жеткеніне қуанышты деп үміттенемін. Біраз нәрсені атап өткім келеді: жерүсті қызметтері, ұшу қызметі және инженерлік құрам тарапынан ұйымдастыру жұмыстары жоғары деңгейде болды. Ұшқыштар мен бортсеріктердің азаматтық ұстанымын да атап өткен жөн. Олар осындай қақтығыс болып жатқан аймаққа ұшуға келісті, бұл ерікті түрде жасалды. Тәуекелдер барынша азайтылды. Ұшу жұмыстарының дайындығына бір күн кетті. Қолдан келгеннің бәрі жасалды. Шешім ұшақтың есіктері жабылмай тұрып қабылданды», - деді Air Astana әуе компаниясының бас ұшқышы Олег Колесников.

Қазақстанның өзге де азаматтары Израильде әлі де бар. Бірақ оларды қайтаруға әуекомпания қайтадан ұшақ жібермейді. Әзірге ондай жоспар жоқ. Елге оралған жолаушылардың сөзінше, ол жақтағы жағдай өте күрделі, әрі қорқынышты.

«Қалада өте үлкен үрей бар. Әуедегі ұшақтар, жедел жәрдем көлігі, полиция көлігі – барлығының дабыл жүйесі қосылған кезде бойыңды қорқыныш билейді. Сондықтан Қазақстан елшілігінен көмек сұрадық. Олар бізді елге жеткізу үшін арнайы ұшақ жіберілетінін айтып, көмек көрсетті. Әрқайсымыз 300 доллар көлемінде жолақысын төледік. Үнемі тікұшақтар ұшып жүреді. Халықтың көзінде қорқыныш бар», - деді Израильге тағылымнан өтуге барған дәрігердің бірі Үміт Желдібаева.
«Израильде қызым мен күйеу балам жұмыс істейді. Соларға бір ай бұрын қыдырып барғанмын. Герцилия қаласына. Тель-Авив қасымызда. Соғыс басталғанда «Бомбаубежищеге» тығылдық. Сирена ойнаған кезде 15-20 минут тығыламыз. Немереммен бірге қыдырып барғанбыз. Қорықтық, оңай емес. Елшілікке рахмет. Бізді ұшаққа дейін шығарып салды. Сол жақта қалып қойған балаларыма алаңдаймын. Олар да жұмыстарын бітірген соң қайтады. Қазір елдің бәрі үйлерінде, көшеге шыға алмайды. Дүкендердегі тамақты талап әкетіп жатыр», - деді астаналық Айгүл Әбдікерова.

Әуекомпания өкілдерінің айтуынша, Қазақстанның ұшағына отыруға билет алған шетелдіктердің көбі еврейлер. Соғысып жатқан елдерін тастап шыққан израильдіктер әуежайдың басқа есігінен шыққандықтан, олармен тілдесуге журналистерге мүмкіндік берілмеді. Ал қиын сәтте отандастарымызды эвакуациялаған ұшқыштар марапатқа ұсынылады.

«Бұл рейсті орындау үшін басшылық, қызметкерлеріміз күні-түні жұмыс істеді. Өте тәжірибелі деген ұшқыштарды таңдадық. Еңбек өтілімі көп бортсеріктерді осы рейске алдық. Көбірек адам сыйсын дегендіктен дәрігер, психологтарды қоспадық, борттағы орын саны шектеулі. Сондықтан біз қосымша күшейтілген экипаж алдық. Төрт ұшқыш болды. Қайтар жолда ұшқыштар ауысты. Оларға берілетін сыйақы жайында басшылық шешеді, бірақ оларды өзіміздің ішкі тарапымыздан марапаттайтын шығармыз. Барлық қауіпсіздік шаралары қарастырылды. Егер бір жағдай бола қалғанда олар басқа жаққа маршрутты ауыстырып жіберер еді. Жағдайды қатты қадағаладық, егер бір шабуыл жасалса біз жоспарды бірден өзгертер едік. Келген шетелдіктердің басым бөлігі израильдіктер. Ол жаққа ұшуға жоспар жоқ, рейстерді тоқтатып қойдық», - деді Air Astana әуе компаниясының баспасөз хатшысы Тілек Әбідрахманов.