Өз қатарластарына мазақ болған жасөспірімге психолог маманы көмектесті
фото: ҚазАқпарат
ERNUR.KZ. Ақтөбелік оқушылар өзін келеке еткен құрдастарының үстінен шағымданды. Ақтөбелік оқушылар «ұсқынсыз», «семіз» деп мазақ еткен құрдастарының үстінен шағым айтты, деп жазады ҚазАқпарат.
Ақтөбедегі «Мәселе жоқ!» сенім телефоны қайта жұмысын бастады. Енді кез келген мектеп оқушысы, жасөспірім өзін мазалаған сұрақтарды психолог мамандарға қойып, жауап алады. «Телефон шалған балалар құрдастарымен, ата-аналарымен келісімге келе алмайды. Тентек балалармен тіл табыса алмай қиналатындар да бар. Мәселен, 14 жасында жүкті болған қыз бізден көмек сұрады. Ұзақ уақыт психологтар сөйлесіп, ата-анасымен табыстырды, суицидтің алдын алды. Мамандар баламен сөйлескен кезде ата-анаға хабарласып, қатар кеңес беріледі. Көбіне балаға айтпай, үйдегі ересек адамдармен тілдесеміз»,- деді облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Нұргүл Бертілеуова.
Айта кетейік, балалар арасында құрбы-құрдастарымен төбелесіп, жанжалдасып қалатын деректер де кездеседі. Өз қатарына «күлкі» болған балалар бірден психологтарға хабар береді. «Балалар бір-бірін ұрады, көңіліне келетін ауыр сөздер айтады.
Мәселен, жасөспірімдер «ұсқынсыз», «семіз» деген сөздерді көтере алмайды. Әрі балалар да өте дөрекі, ойын ашық айтып, құрдастарына зиянын тигізгенін сезбей қалады. Бірақ ерке балалар да кездеседі. Бізге әкесі гироскутер алып бермеген 7 жастағы қыз да хабарласты. Бұл сұрақ та қаралады. Баласын уайымдаған ата-ана, бауырына алаңдаған аға-апасы да көмекке мұқтаж»,- деді психолог маман Жанат Байшуақова.
Ақтөбегі сенім телефонына барлығы 500-ге жуық қоңырау түсті. Оның 39-ы қайта хабарласып, өз мәселесінің шешімін хабарлады.