Арнайы прокурорлар Ұлттық қауіпсіздік қызметінің 8 қызметкерін тергеудің рұқсат етілмеген тәсілдерін қолдану актісі бойынша тергеп жатыр.
ERNUR.KZ. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасы 1-қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде айтты, деп жазады ҚазАқпарат.
«Тергеу жүргізу барысында азаматтардың құқықтарының сақталуына және заңдылықты қамтамасыз етуге ерекше назар аударылған. Тергеудің рұқсат етілмеген әдістері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр. Арнайы прокурорлар ең резонансты 10 жағдайды тергеуде. Аталған істер бойынша арнайы прокурорлар 9 лауазымды адамды ұстады. Оның ішінде 8 ұлттық қауіпсіздік қызметкері мен 1 полиция өкілі бар», - деді ҚР Бас прокуратурасы 1-қызмет бастығының орынбасары.
Сондай-ақ, ол дәл қазір қамауда отырған күдіктілердің ешбіріне тергеудің рұқсат етілмеген тәсілдері қолданылып жатпағанын ресми мәлімдеді.
«Әлеуметтік желіде қамауда отырғандарға қатысты тергеудің рұқсат етілмеген әдістерін қолдану жалғасып жатқаны туралы жазбалар жарияланып жатыр. Аталған адамдарға қатысты ешқандай зорлық-зомбылық қолданылып жатпағанын сендіріп айтамыз. Бұл ретте біз бұрын қолданылған бұлтартпау шараларын жеңілдету жөніндегі жұмыстарды жалғастырып жатырмыз. Прокурорлар ұсталған және күдікті адамдардың туыстарымен кездесу өткізеді. Олардың дәлелдерін мұқият тексере және осыны ескере отырып, бұлтартпау шараларын өзгерту туралы шешім қабылдайды. Жеке басын, денсаулық жағдайын және басқа да сипаттарды ескере отырып, 275 адамның қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы ешқайда кетпеу туралы қолхатқа, кепілге, үйқамаққа алуға және жекекепілгерлікке ауыстырылды», - деді Елдос Қилымжанов.