Вакцина алған адам 2 жылдан кейін қайтыс болады деген ақпарат – жалған

0
510

Коронавируске қарсы вакцинаның қолданылып жатқанына жарты жылдан енді ғана асты.


Вакцина алған адам 2 жылдан кейін қайтыс болады деген ақпарат – жалған

ERNUR.KZ. «Вакцина салдырған адам екі жылдан кейін қайтыс болады» деген ақпарат жалған. Бұл туралы ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы «Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми- практикалық орталығы» филиалы директорының орынбасары м.а. Манар Смағұл айтты, деп жазады ҚазАқпарат.

«Халық арасында вакцина салдырған соң, адам екі жылдан кейін қайтыс болады екен деген хабар тарап жатыр. Ғаламтордағының бәрі тексерілген ақпарат емес, дегемен көп адам оған сеніп қалады. Осы жөнінде маман ретінде не айтасыз?», - деген сұрақ қойылды Орталық коммуникациялар қызметінде.

«Мұның фейк екенін айтып жатырмыз. Осындай жалған ақпараттың көп таралуынан вакциналау туралы әлі ойланып жүргендер көп. Сол ойланып жүрген адамдарға осындай жалған ақпарат таралуда. Жалпы вакциналауды денсаулық сақтау саласында бірінші жыл қолданып жатқан жоқпыз. Өздеріңіз білесіздер, балалар арасында қызылшаға, қызамыққа қарсы, пневмококк жұқпасына қарсы вакциналау жүреді. Оның тиімділігі бүгінгі күні дәлелденген. Әсіресе сал ауруын алып қарасақ, вакциналау арқасында дүниежүзінде сал ауруы тіркелетін үш-ақ аймақ бар», - деп атап өтті маман.

Ал коронавируске қарсы вакцинаның қолданылып жатқанына жарты жылдан енді ғана асты. Былтырғы желтоқсан айынан бастап Израиль, АҚШ елдерінде қолданыла бастады.

«Сондықтан, екі жылдан кейін адам өледі дегені – нағыз фейк. Бүгінде мысалы нақты деректер жоқ, қайтадан ревакциналау жүргізу керек пе, жоқ па, мұның бәрі әлі зерттеліп жатыр. Сондықтан, толыққанды фейк деп айтуға болады. Оған да тағы бір дәлелі – вакцина алғандар арасында ауырған адамдар саны өте төмен. Ол да вакциналаудың, аурудың алдын алудың тиімділігін көрсетеді. Яғни, бұл фейкке қарама-қарсы айтарым – коронавирус жұқтырғаннан кейін 1-2 аптада өліп кету қаупі жоғары. Сол себепті әр адам ойланып, деректі ақпаратты оқып, шешім қабылдағаны жөн деп ойлаймын», - дейді Манар Смағұл.