Вице-министр электр энергиясының шекті тарифі қаншаға өсетінін айтты

0
443

Шекті тарифтерді қайта қарау энергия өндіру саласында шамамен 30 мың жұмыс орнын сақтауға мүмкіндік береді.


Вице-министр электр энергиясының шекті тарифі қаншаға өсетінін айтты

ERNUR.KZ. Қазақстанда электр энергиясын өндірудің шекті тарифі қайта қаралды. Бұл туралы энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов мәлімдеді, деп жазады sputnik.kz.

Ресми мәліметке сәйкес, Қазақстанда энергия өндіруші ұйымдардың шекті тарифі орташа 10-12% (9,9%) өседі деген болжам бар. Вице-министр Жандос Нұрмағанбетовтың айтуынша, қазіргі шекті тарифтер энергия өндіруші ұйымдардың барлық шығынын өтеп жатқан жоқ.
"Шекті тариф жобасы мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында тиісті өңірлер бойынша станция қызметкерлерінің жалақы деңгейін орташа деңгейге дейін жеткізуді де көздейді", - дейді Нұрмағанбетов.
Оның сөзіне қарағанда, сәуір айында 47 энергия өндіруші ұйымның 26-сынан шекті тарифтерді көтеруге өтінім түскен. Министрлік әрбір жағдай бойынша жеке тәсіл қолданды. Уақтылы шешімді талап ететін өтінімдер назарға алынды. Осылайша, 30 маусымда энергетика министрінің арнайы бұйрығы шықты. Осы құжат 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді.
"Бұл ретте, Қазақстанның біртұтас электр энергетикалық жүйесінің батыс аймағынан басқа Қазақстанның барлық өңірі бойынша электр энергиясын өткізетін Екібастұз ГРЭС-1-дің шекті тарифі өзгеріссіз қалды. 47 энергия өндіруші ұйымның 21-сі бойынша тариф бұрынғы деңгейде сақталды", - деп атап өтті вице-министр.
Шекті тарифтерді қайта қарау энергия өндіру саласында шамамен 30 мың жұмыс орнын сақтауға мүмкіндік береді.