WhatsApp арқылы аудиожазба жіберген әкімнің басы дауға қалды

0
484

Ауыл әкімі Бейбіт Аманғалиев өзінің кінәсін мойындап, әйелді ренжіткісі келмегенін айтып ағынан жарылды.


WhatsApp арқылы аудиожазба жіберген әкімнің басы дауға қалды

ERNUR.KZ. Батыс Қазақстан облысында әкімге ауыл тұрғынына айтқан сөзі үшін қатаң сөгіс жарияланды, деп жазады sputnik.kz.

Әкімнің мәселесі мемлекеттік қызмет істері департаменті этика кеңесінің отырысында қаралды. Бас маман Дәурен Қайыровтың айтуынша, департаментке Бәйтерек ауданына кіретін Махамбет ауылдық округінің тұрғыны арызданды. Әкім Бейбіт Аманғалиев оған тіл тигізіп, ар-намысын қорлайтын сөз айтқан.

"Ауыл халқының жиналысы кезінде әкім мен Таңжарықова сөзге келіп қалған. Артынан әкім басқа бір адамға мессенджер арқылы дауыспен аудиохабарлама жіберген. Онда әйелдің ар-намысына тиетін сөздер де болды. Бұл аудиожазба сол әйелдің қолына түскен. Балағат сөз болмаған, бірақ ар-намысты қорлайтын сөздер айтылған", - деді Қайыров кеңес отырысында.

Ауыл әкімі мемлекеттік қызметте 11 жыл істеп келеді. Кеңес мүшелері әкімді жазалауға шешім қабылдады. Оған қатаң сөгіс жарияланды.

Айта кетейік, дәл осы отырыста Бәйтерек ауданының тағы бір әкімі – Янайкино кентінің басшысы Ауған Әлмұрзиннің ісі қаралған болатын. Әкім мас күйінде көлік жүргізген. Сол үшін 15 күнге қамалды. Оған қоса, көлік жүргізу құқығынан айырылды. Ал этика жөніндегі кеңес оны жұмыстан босатуға шешім қабылдады.


Оқи отырыңыз: Ақтөбеде ата-анасы қараусыз қалдырған 2 айлық сәбиге көмек көрсетілді