Күдікті WhatsApp мессенджерінде бірнеше топ ашып, біраз адамды қосқан.
ERNUR.KZ. Ақтауда мессенджер арқылы халықты алдаған алаяқ әйел ұсталды. Полицияға арызданған алты адам 13 миллион теңгеден айырылғанын мәлімдеді, деп жазады sputnik.kz.
Ресми мәліметке сәйкес, күдікті WhatsApp мессенджерінде бірнеше топ ашып, біраз адамды қосқан. Сосын ақшаны көбейтіп беремін деп жар салған. Бірақ шын мәнінде барлық ақшаны өз қалтасына салып отырған.
"Ақтау полициясына алты жәбірленуші алаяқтың әрекетінен зардап шеккенін айтып, арызданған. Алаяқ олардан 13 миллионнан астам теңге алып, алдап кеткен", - дейді полицейлер.
Криминалдық полиция қызметкерлері 51 жастағы әйелді ұстады. Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тергеу шаралары басталды.
Айта кетері, осы қылмыс үшін 1 000 айлық есептiк көрсеткiшке (3 180 000 теңгеге) дейiн айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, я болмаса, 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу немесе сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ал ірі мөлшерде жасалған алаяқтық деп танылса, үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы беріледі. Кінәлі адамның мүлкі тәркіленеді.